Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,25% деңгейінде сақтап қалды

118

Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 7 наурызда жарияланады.

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,25% деңгейінде сақтап қалды Фото: aikyn.kz

Ұлттық банк базалық ставканы өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ақпаратқа сәйкес, Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 15,25% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.

"Желтоқсан айында Қазақстанда инфляция 8,6%-ға дейін үдеп, 2024 жылға болжанған 8-9% диапазон шегінде қалыптасты. Қызметтер бағасының жоғары өсуі және тамыздан бастап байқалып отырған азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясының жеделдеуі оның динамикасына көптеп үлес қосты. "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасын іске асыру мен теңгенің әлсіреуі аясында инфляция күш алып тұр. Сонымен қатар инфляцияның орнықты бөлігінде өсім сақталып отыр. Ол фискалдық ынталандыру жалғасқандықтан сұраныс тарапынан қысым барын көрсетеді. Желтоқсан айында халықтың инфляциялық күтулері, жоғары құбылмалылықты көрсетіп, қайта өсті", – делінген ҰБ таратқан хабарламада.

Әлемдік азық-түлік бағасының жоғары болуына және Ресейде инфляцияның қарқын алуына байланысты сыртқы инфляциялық қысым жоғары болып тұр. 

"Дамыған экономикаларда инфляция соңғы айларда ұзаққа жалғасқан төмендеу кезеңінен кейін біршама өсті. Орнықты инфляция және күшті еңбек нарығы ұзақ уақыт бойы қатаң сыртқы монетарлық талаптардың сақталуына әсер етуі ықтимал. Мәселен, АҚШ ФРЖ қыркүйек айындағы бағалаумен салыстырғанда мөлшерлемелер баяу төмендейді деп күтеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша қысқамерзімді экономикалық индикатордың өсуі ж/ж 6,2%-ға дейін жеделдеді. Бұл экономиканың артық өскенін көрсететін белгі болуы мүмкін. Барлық негізгі салада өндіріс артқаны байқалады. Ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда және көлік салалары жақсы өсім көрсетті. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінде динамика тәуір қарқын алғаны байқалады", – деді Ұлттық банк.

Ішкі сұраныс ұсыныс мүмкіндіктерінен асып түседі және белсенді фискалдық ынталандыруға, ақшалай кірістердің өсуіне, сондай-ақ шикізатқа жатпайтын сектордағы инвестициялардың кеңеюіне байланысты орнықты түрде жоғары қалып тұр. Оны бөлшек сауда мен тұтынушылық кредиттеудің өскені растайды. Ұлттық Банк бақылап отырған іскерлік белсенділік индикаторы 11 ай қатарынан оң көрсеткіш көрсетті.

Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 7 наурызда Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу