Луврда Қазақстанның Ұлттық көрмесі өткізіледі

471

Көрме – "Қазақ дала өркениетінің мәдени коды" кешенді ғылыми-экспозициялық жобасы аясында дайындалады.   

Луврда Қазақстанның Ұлттық көрмесі өткізіледі Фото: facebook.com

Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Облыс әкімдерінің орынбасарлары мен музейлер басшыларының қатысуымен кеңес өткіздім. Күн тәртібіндегі тақырыптардың бірі Парижде Қазақстанның Ұлттық көрмесін ұйымдастыруға арналды. 

Бұл идея алғаш рет өткен жылы, қараша айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға сапары кезінде айтылды.

Біз 2026 жылы Луврда өткізуді жоспарлап отырған көрме – "Қазақ дала өркениетінің мәдени коды" кешенді ғылыми-экспозициялық жобасы аясында дайындалады. Жиналыста оның жол картасы ұсынылды", деді министр Асхат Оралов.

Хронологиялық тұрғыдан экспозиция біздің дәуірімізге дейінгі IV мыңжылдықтан XIX ғасырдың ортасына дейінгі кезеңді қамтиды. Оның негізін Қазақстанның бірқатар музейлерінің қорларынан алынатын сирек жәдігерлердің түпнұсқалары құрайды, ал ҚР Ұлттық музейі жобаның операторы болады. 

Лувр - әлемдегі ең үлкен, ең танымал және ең көп адам баратын музейлердің бірі. Сан қырлы ұлттық мәдени мұрамызды барлық елдерден келетін миллиондаған қонаққа таныстыруға болатын керемет алаң. 

"Әрине жауапкершілік жүгі жеңіл емес, сол себепті көрмені ұйымдастыруға мұқият қарауымыз керек. Біз ұсынған жоба ұзақ уақыт пысықталып, дайындалды. Бұл мәдениетіміздің терең тарихын шетелде әлемге танытуға оң әсер етеді және француз серіктестерімізбен қарым-қатынасты нығайтады деп ойлаймын", деп түйіндеді А.Оралов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу