Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық театрының ғимараты күрделі жөндеуден өтеді, деп хабарлайды astanatv.kz.
Бұл ғимаратқа театр ұжымы 1982 жылы көшіпті. Жергілікті тарихи ескерткіштер реестріне енген ғимаратқа енді 2 жыл бойы күрделі жөндеу жүреді. Сахнаның жарық-дыбыстық қондырғылары, акустикасы, реквизиттер сақтайтын қоймалары мен арнайы цехтары да түбегейлі жөндеуді қажет етеді.
Жеті қабаттан тұратын ғимаратта 588 бөлме бар. Негізгі көрермендер залына – 850, ал кіші залға 300 адам сыяды.
"Өздеріңіз білесіздер, театрдың сыртқы қасбеті түсіп жатқан жайы бар. Қауіпсіздік үшін, мүмкіндігі шектеулі жандарға мүмкіндік жасау үшін де біраз өзгерістер болады. Жобалау сметалық құжаттары дайындалды. Ол конкурсқа тапсырылып, нәтижесінде жеңіп алған ұжым бар. Дайындық бар. Жөндеуге жабылғанда театр жұмыс жасайды. Себебі онда екі зал бар", – дейді ҚР мәдениет және спорт министрлігінің кинематография және театр өнері басқармасының бас сарапшысы Гүлнәфис Мырзашева тілшінің арнайы сауалына жауапта.
Милиардтаған қаражат жұмсалатын күрделі жөндеу қала орталығындағы сәулет ансамблін бұзбауы керек. Құрылысшыларға қойылатын талап осы. Ең бастысы – ғимараттың тарихи ескерткіштер санатында екені ескерілуі шарт.