Бүгін ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев ҚР білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұлов пен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры қызметіне жаңадан тағайындалған Дария Қожамжаровамен кездесті, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы университет ректорына жауапты қызметіндегі жұмысына сәттілік тілеп, бүгінде М.Әуезов атындағы ОҚМУ Қазақстандағы ең үздік деген 20 жоғарғы оқу орындарының бірі екенін атап өтті.
Айта кетейік, Дария Пернешқызы ЖОО ректорларын тағайындау жөніндегі республикалық конкурстық комиссияның шешімімен тағайындалды.
Қожамжарова Дария - Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының академигі. Ол 1962 жылы 22 шілдеде Жамбыл қаласында көпбалалы, қызметкер отбасында дүниеге келген.
1984 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін "Тарих" мамандығы бойынша үздік тәмамдап, еңбек жолын 1984-1989 ж.ж. Жамбыл педагогикалық институтында оқытушы қызметінен бастады. Ал 1990-1995 жылдары Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің аспиранты, 1995-2001 жылдары М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті "Тарих" кафедрасының доценті, 2001-2003 ж.ж. кафедра меңгерушісі, 2003 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті педагогика факультетінің деканы қызметтерін атқарған. Ал 2013 жылдан бастап Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры болған.