Атап айтқанда, археологиялық жұмыстарды лицензиялау жүйесін жетілдіру, нысандарды қазба жұмыстары аяқталғаннан кейін қорғау, қоршалған аумақты қалпына келтіру тәрізді шаралар қарастырылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ұлттық құрылтай аясында Мемлекет басшысының бастамалары мен тапсырмаларын жүйелі түрде жүзеге асыру жалғасуда.
Бүгін Президент тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау мәселелері жөніндегі заңға қол қойды.
Мемлекеттік кеңесшінің сөзінше, заңнамалық түзетулер археология саласын жүйелеуге бағытталған.
– Атап айтқанда, археологиялық жұмыстарды лицензиялау жүйесін жетілдіру, нысандарды қазба жұмыстары аяқталғаннан кейін қорғау, қоршалған аумақты қалпына келтіру, табылған материалдарды орталықтандырылған негізде сақтау шаралары қарастырылған. Сондай-ақ заңда Мемлекеттік қор, Ұлттық депозитарий, Бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйе құру көзделген. Түптеп келгенде осы қадамдар тарихи мұраны қорғау ісін жақсартады, заңсыз қазба жұмыстарына қарсы күрестің тиімділігін арттырады әрі археология саласындағы бақылау мен тәртіпті қамтамасыз етеді, – деді Қарин.
Сонымен қатар Үкімет 2026-2028 жылдарға арналған Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі жаңа кешенді жоспарды қабылдады.
Ерлан Қарин жаңа жоспарда нашақорлыққа қарсы іс-қимыл саласында бұған дейін қабылданған шараларды жүзеге асыру тәжірибесі ескерілгенін айтты.
– Нашақорлықтың алдын алу және қоғамдық денсаулық сақтау мәселелерін шешу блогы күшейтілді. Ең бастысы, құжатты әзірлеуге Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшелері айырықша атсалысты. Олар қоғамда нашақорлыққа қарсы нөлдік төзімділікті орнықтыру ісінен де шет қалған емес, – деп түйіндеді Мемлекеттік кеңесші.
Бұған дейін Ерлан Қарин әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырғанын жаздық.