Мәдениет саласындағы 34 мың адамның жалақысы өсті

877

Балет әртістеріне мемлекеттік төлем тағайындалды.  

Мәдениет саласындағы 34 мың адамның жалақысы өсті

Халыққа есеп беру кездесуінде мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова осылай деді. 

Оның сөзінше, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап мәдениет және өнер ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы республикалық деңгейде 50%-ға, ол орта есеппен алғанда 96 мыңнан 139 мың теңгеге дейін, өңірлерде 35%-ға, сәйкесінше 96 мыңнан 126 мың теңгеге дейін өсті. 

"Мұндай өсім шамамен 34 мың адамды қамтыды", – деді Ақтоты Райымқұлова. 

Министрдің мәлімдеуінше, биылдан бастап кәсіптік қызметін тоқтатқан және кәсіби еңбек өтілі кемінде 20 жыл болатын балет әртістеріне ай сайын соңғы 3 жылдық орташа жалақысының 60%-ға дейінгі мөлшерінде төлем тағайындалды. 

"Әдебиет және өнер қайраткерлеріне, талантты жастарға мемлекеттік қолдауды күшейту мақсатында берілетін Тұңғыш Президент – Елбасының мәдениет саласындағы стипендиясы 240-тан 660 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. Жыл сайын ғылым, мәдениет және өнер саласындағы дарынды жастар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры премиясының лауреаты атанып келеді. Ерекше мәртебесі бар мәдениет және өнер саласындағы жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамына лауазымдық жалақыларының мөлшеріне 1,75 коэффициенті сақталған", – деді Ақтоты Райымқұлова. 

Оның сөзінше, 2023 жылға дейін мәдениет және спорт саласындағы мектеп, колледж педагогтерінің жалақысы жыл сайын 25% ұлғаяды. 

"Еңбекақы 2020 жылы 25%, 2021 жылы 50%, 2022 жылы 75%, 2023 жылы 100% өседі", – деді министр. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу