2027 жылға арналған республикалық бюджеттің шығыстары 30,2 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Такиев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ведомство басшысы елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде қалыптастырылған 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасының негізгі параметрлерін таныстырды.
Мәди Такиевтің айтуынша, 2027 жылы түсімдер 25,6 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 12,9% құрайды деп болжанады.
"Ұлттық қордың кепілдендірілген трансферт көлемі 2,4 трлн теңге мөлшерінде белгіленді. 2 трлн теңге көлеміндегі нысаналы трансферт аса маңызды нысандарға және жалпы ұлттық маңызы бар жобаларға бағытталатын болады. Бюджет тапшылығы 2027 жылы жалпы ішкі өнімнің 2,3% болады деп жоспарланады. Шығыстар осы жылдың жоспарымен салыстырғанда 2,5 трлн теңгеге артып, 30,2 трлн теңгені құрайды", – деді министр.
Әлеуметтік саланың шығыстары 2027 жылға 10 трлн 544 млрд теңге көлемінде жоспарланған, деді ведомство басшысы.
"Бюджет жобасында әлеуметтік төлемдерді алушылар санының өзгеруі мен индекстеу ескерілді. Халықты әлеуметтік қолдаудың қажетті деңгейін қамтамасыз етуге қосымша 739 млрд теңге көзделді. Экономиканың нақты секторын қолдауға арналған бюджет шығыстары 3 трлн 892 млрд теңгені құрайды, бұл осы жылдың деңгейінен 507 млрд теңгеге артық", – деді Қаржы министрі.