Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы Жаслан Мәдиев 5G желісі еліміздің 20 қаласында белсенді түрде кеңейтіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жасанды интеллектті дамытудың негізі – байланыс инфрақұрылымын қалыптастыру. Осы жылдың қаңтар айында OneWeb арқылы спутниктік интернет іске қосылды. Тамыз айынан бастап Starlink бүкіл ел аумағында ресми түрде қолжетімді. Сонымен қатар, биыл Алматы облысы аумағында Министрлік Shanghai Spacecom Satellite Technology Co. Ltd компаниясымен бірлесіп абоненттік терминалдардың тесттік іске қосылуын жүргізді", – деді.
Сонымен қатар осы аптада Нью-Йоркте Amazon Kuiper компаниясымен келесі жылы спутниктік интернетті іске қосу жөнінде келісімге қол жеткізілді.
"Геостационарлық емес спутниктік жүйелерді пайдалану алшақ және аз қоныстанған елді мекендерді интернетпен қамтуға мүмкіндік береді. Қазақстан – осы әлемдік технологиялық алыптармен әріптестік орнатқан аймақтағы жалғыз мемлекет. "Қазақтелекоммен" бірлесіп 3000-нан астам ауылды сапалы интернетпен қамтамасыз ету үшін талшықты-оптикалық байланыс желілерінің құрылысы басталды. 500 мыңнан астам үй шаруашылығына талшықты-оптикалық байланыс желілерін жүргізу құрылысын субсидиялау жобасы іске асырылуда", – деді ол.
Оның айтуынша, 20 қалада 5G желісі белсенді түрде кеңейтілуде. Бұдан басқа Еуропа мен Шығыс Азия арасындағы интернет-трафик транзитін әртараптандыру мақсатында Транскаспийлік талшықты-оптикалық байланыс желілері салынып жатыр.