Мәдина Әбілқасымова өзіне қатысты барлық сыннан қорытынды шығаратындығын айтты

1108

Министр отставкаға кетпейді, проблемаларды шешшумен айналысады.

Мәдина Әбілқасымова өзіне қатысты барлық сыннан қорытынды шығаратындығын айтты Фото: inform.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова өзіне қатысты барлық сыннан қорытынды шығаратындығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің алдына шыққан министрге ең алдымен "Қоғамдағы наразылыққа байланысты  отставкаға кетесіз бе?" деген сауал қойылған еді. Алайда министр тіке қойылған сұрақтан жалтара жауап беріп, сыннан қорытынды шығаратындығын айтып ақталды.

"Біз сынды естіп тұрамыз. Ең бастысы, бұл сыннан қорытынды шығарамыз. Жағдайды барынша жақсартуға тырысамыз. Жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруға бағытталған шаралар қабылданатын болады", – деді ол.

Сонымен қатар, министр ҚР үкіметінің жанынан құрылған ел азаматтарының табысын арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту, сондай-ақ көпбалалы отбасыларға қолдау шараларын күшейту жөніндегі жұмыс тобы аясында көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі ерекше қарастырылатындығын айтты.

"Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, келіп жатқан барлық ұсыныстарды жинап жатырмыз. Индустрия және инфрақұрылымдық даму  министрлігі сол арқылы арнайы есебін шығаруда. Барлық талаптарды жинаудамыз. Атқарушы органдарға ғана емес біздің министрлікке де көпбалалы аналар келіп жатыр. Бүгін де кездесу болады. Ұсыныстардың барлығын жұмыс тобы аясында шешуге тырысамыз",– деді Мәдина Әбілқасымова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу