MAЭК апаты: электр қуатын уақытша өшіру туралы ескерту бір күн бұрын жүргізіледі

534

Ертеңнен бастап тұрғындарға жоспарлы шектеулер бойынша алдын ала хабарланатын болады.

MAЭК апаты: электр қуатын уақытша өшіру туралы ескерту бір күн бұрын жүргізіледі Фото: inbusiness.kz

МАЭК-те орын алған апат салдарынан Маңғыстауға электр энергиясы бойынша ішінара шектеулер жасауға тура келеді. Энергия блоктарын жөндеу және электр станциясының тоқтау нәтижесінде өңірде энергия тұтынуды шектеу бойынша уақытша шаралар енгізілді. Ертеңнен бастап тұрғындарға жоспарлы шектеулер бойынша алдын ала хабарланатын болады.

Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев айтты. 

Өңірдегі елді мекендерді біркелкі жабдықтауды қамтамасыз ету үшін белгілі бір аймаққа сәйкес тұтынылатын энергия көлемін азайту мақсатында, тұтынушылар үшін электр қуаты 3-тен 5 сағатқа дейін циклдік түрде өшіледі. Тұрмыстық энергия тұтынушыларға жоспарланған үзілістер алдын-ала хабарланатын болады. 

"МАЭК" ЖШС-де электр энергиясының жалпы өндіріс қуаттылығы 545 МВт құрайды. Алайда, екі электр станциясындағы энергетикалық блогтардың мәжбүрлі тоқтауына байланысты өндіріс қуаттылығы қазіргі таңда 245 МВт-қа дейін қысқарған. 

Осы орайда аймақ басшылығы мемлекеттік органдар және коммуналдық қызмет өкілдерімен бірге ең алдымен әлеуметтік объектілерді электр энергиясымен қамтамасыз ету бойынша жедел штаб құрды. 

- Штаб электр энергиясын өшіру бірінші кезекте өнеркәсіптік объектілерге әсер ететіні туралы шешім қабылдады. Бұл шешім тұрмыстық энергия тұтынушыларына ыңғайсыздық тудырмау үшін қабылданып отыр. Кейбір кен орындары генераторлармен жабдықталған, ал басқала нысандарда жағдай қиынырақ. Сонымен қатар, ауруханалар, балабақшалар сияқты әлеуметтік нысандар электр қуатымен қамтамасыз етілетін болады. Біз тұрғындардан арандатушылыққа бой алдырмауды, тек ресми дереккөздерге сенуді сұраймыз, - деді "Маңғыстау өңірлік электр желісі компаниясы" АҚ басқарма төрағасы Қасымхан Сыздықов. 

Жедел штаб отырысында төтенше жағдай режимін енгізу туралы мәселе қаралды. 

- ТЖ енгізу туралы мәселе қаралуда. Әзірге бұл шара тиісті нәтиже бермейді деп есептейміз, өйткені ТЖ режимі тек мемлекеттік сатып алуға қатысты шектеулер енгізуге мүмкіндік береді. Орын алған жағдайда бізді жүйелік оператор - "KEGOC" АҚ қолдап отыр, ол бізге 80 мВт - қа дейін алуға көмектеседі, - деп түсіндірді Жұмабай Қарағаев.

Қазіргі уақытта жедел штаб өңірде электр энергиясын беруді жедел қалпына келтіру бойынша жұмыс істеуде және комбинат қызметкерлері толықтай күш салуда.

- "МАЭК"-тегі апат жойылғанға дейін өңір тұрғындарын осы жағдайға түсіністікпен қарауға, электр энергиясын үнемді тұтынуға шақырамын. Коммуналдық қызмет мамандары күндіз-түні энергия блоктарының жұмысын тез қалпына келтіру үшін жұмыс атқаруда. Бүгін біз "тиімді" өшірудің ең жоғары жүктемелерін сынақтан өткізіп жатырмыз, ертеңнен бастап тұрғындарға барынша ыңғайлы болу үшін, елді мекендерді ажырату кестесін алдын-ала ұсынатын боламыз, - дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу