АҚШ президентінің Кубаға қатысты даулы мәлімдемесі халықаралық деңгейде жаңа пікірталасқа түрткі болып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Кубаны қандай да болсын жолмен жаулап алу маған бұйырған абырой болар еді. Мен бұл аралды азат етемін, қаласам жаулап аламын, кез келген нұсқаны жасай аламын, – деді Дональд Трамп.
Бұл сөздер негізінен ресми саяси ұстанымнан гөрі популистік риторикаға көбірек ұқсайды.
Дегенмен, мұндай мәлімдемелердің астарында белгілі бір геосаяси сигналдар жатуы мүмкін.
Бұған дейін БАҚ беттерінде Кариб теңізіндегі Куба соңғы жылдары күрделі әлеуметтік-экономикалық кезеңді бастан кешіріп отырғаны жазылды. Соңғы оқиғалардың бірі – ел бойынша толық электр энергиясының үзілуі. Нәтижесінде шамамен 10 миллионнан аса тұрғын жарықсыз қалған.
Елде энергетикалық жүйедегі ақаулармен қоса, жанармай тапшылығы да ушығып барады. Әлбетте, бұл Кубадағы ұзақ жылдар бойы сақталып келе жатқан экономикалық оқшаулану мен ішкі басқару жүйесінің әлсіздігімен байланысты.
Айта кетейік, АҚШ пен Куба арасындағы қарым-қатынас ондаған жыл бойы шиеленісті сипатта өрбіп келеді. 1960 жылдардан бері енгізілген экономикалық санкциялар әлі күнге дейін толық алынбаған.
Сараптамалық тұрғыдан алғанда, Кубаны "жаулап алу" туралы сценарий қазіргі халықаралық құқық нормаларына да, жаһандық саяси балансқа да қайшы. Сол себепті, Трамптың сөзі нақты әрекет жоспары емес, саяси риторика ретінде бағаланып отыр. Десе де, Кубаның дәл қазіргі әлеуметтік-экономикалық дағдарысы мұндай әңгіменің айтылуына қосымша негіз болып отыр.