Ұлттық тестілеу орталығы магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеудің аралық қорытындысын жариялады, деп жазады inbusiness.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Орталықтың хабарлауынша, тестілеу басталғалы 35 мыңға жуық адам магистратураға түсу үшін емтихан тапсырып, олардың 45%-ға жуығы шекті балл жинаған. Орташа көрсеткіш – 72 балл. Бір қатысушы максималды 150 балдың 140-ын жинаған.
"Тестілеу басталғалы 265 қатысушының нәтижесі жойылды. Оның ішінде 144 оқуға түсуші смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Кешенді тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 117 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Сонымен қатар постпрокторинг қорытындысы бойынша 4 адамның нәтижесі жойылды. Олар емтихан материалдарын суретке түсіріп, аудиториядан алып шығуға тырысқан", – деп жазылған хабарламада.
Ұлттық бірыңғай тестілеудегі секілді Кешенді тестілеуге кіргізу үш деңгейлі жүйе бойынша жүзеге асырылатыны белгілі. Face ID жеке басын сәйкестендіру арқылы, жеке куәлік бойынша, сондай-ақ отырғызу орнында жеке басын сәйкестендіру жүргізіледі.
"Тестілеудің бірінші аптасында кіргізу кезінде 4 бөгде тұлға анықталды. Яғни қатысушылар өздерінің орнына басқа адамды жіберіп, тестілеуден өтпек болған. Тиісті шаралар қабылданды. Кешенді тестілеудің екінші аптасында бұндай ереже бұзушылықтар анықталған жоқ", – делінген ҰТО хабарламасында.
Осы аптада азаматтық емес жоғарғы оқу орындары, атап айтсақ Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясы, ҚР БП жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы, ҚР ІІМ академиясы, ҚР ТЖМ М. Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясына түсуге тіркелу аяқталған. Осы санаттағы оқуға түсушілер үшін шет тілінен түсу емтиханы 6 тамызда өтеді.
Айта кетсек, биыл магистратураға 13 мыңнан астам грант бөлінген. Кешенді тестілеу 20-шілдеде басталды, 10 тамызда аяқталады.