Магистратура: 281 адамның тест нәтижесі жойылды

486

Бұдан бөлек, біреудің орнына тест тапсыруға кірмек болған 2 адам әшкереленді.

Магистратура: 281 адамның тест нәтижесі жойылды Фото: Ашық дереккөзден

Ғылым және жоғары білім министрлігі магистратураға түсу үшін өткізілген кешенді тестілеудің нәтижелерін жариялады. Кешенді тестілеуді 40 мың адам тапсырған. Олардың 41% шекті балл жинады. Орташа көрсеткіш – 70 балл. Ең жоғары балл – 136.

Алайда, 281 қатысушының нәтижесі жойылған. Оның ішінде 189 адам смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды аудиторияға алып өтуге тырысқаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Сондай-ақ, 89 адам тест тапсыру кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылған. Тағы 1 адамның балы видеожазбалар қайта қаралғаннан кейін жойылды. Бұдан бөлек, біреудің орнына тест тапсыруға кірмек болған 2 адам әшкереленді.

Кешенді тестілеу 3 блоктан тұрады: шет тілі бойынша тест, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест.

"143 білім беру бағдарламалары тобы бойынша республикалық апелляциялық комиссияға 15 мыңнан астам өтініш түсті, оның ішінде мазмұны бойынша – 14 мың, техникалық себептерге байланысты – 1,4 мың. Апелляциялық комиссияның шешімімен 181 бірегей тест тапсырмасы қанағаттандырылды: мазмұны бойынша – 146, техникалық себептерге байланысты – 35 тапсырма", - делінген мәліметте.

Айта кетейік, биыл шекті балдар өзгеріссіз қалды: ғылыми-педагогика бағыты бойынша магистратураға түсу үшін 75 балл, бейіндік бағыт бойынша 50 балл жинау қажет.

Магистратурада оқуға 13 мыңнан астам грант бөлінді. Грант конкурсына құжаттар қабылдау ертең, 11 тамызда басталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу