Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу басталды

536

Биыл магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге 43 мыңға жуық өтініш қабылданды.  

Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу басталды Фото: google

Еске сала кетсек, Кешенді тестілеуді тапсыруға өтініш қабылдау 1 маусым мен 15 шілде аралығында ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының сайтында app.testcenter.kz жүзеге асырылды.

Ең көп таңдалған білім беру бағыттары қатарында "Педагогикалық ғылымдар", "Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары" және "Бизнес, басқару және құқық" бар.

"Барлық қалаушылар үшін тіркеу бір жарым ай жүргізілді. Тіркелу барысында оқуға түсуші тестілеу орнын өзі таңдады. Емтихан бүгін басталып, 10 тамызға дейін жалғасады", - деді ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Магистратураға түсу форматына келетін болсақ, биыл ешқандай өзгеріс жоқ. Сондай-ақ, тестілеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда онлайн-апелляция беруге болады. Тестіленуші емтихан аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Апелляция бес күн ішінде қарастырылады, одан соң сертификат оқуға түсушінің Жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Шеткі балдар өзгеріссіз қалды: ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін 75 балл, бейіндік магистратураға түсу үшін 50 балл жинау қажет.

Естеріңізге сала кетсек, магистратурада оқу үшін 2023 жылы 13 мыңнан астам грант бөлінген. Кадрларды даярлауға арналған гранттар сұранысқа ие бағыттар бойынша бөлінеді.

Грант конкурсына құжаттарды қабылдау 11-14 тамыз аралығында жүзеге асырылады, ал грант иегерлерінің тізімі 26 тамызға дейін жарияланады. Болашақ магистранттардың ЖЖОКБҰ-на қабылдануы 28 тамызға дейін аяқталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу