Өтінімді жоғары оқу орындарының виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы беру керек, деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Білім және ғылым министрлігі енді үміткерлер жылына екі рет магистратура мен докторантураға құжат тапсыра алады деген шешім қабылдаған болатын.
"Осылайша, қандай да бір себептерге байланысты алғашқы қабылдау науқанында өтініш беруге мүмкіндігі болмаған қазақстандықтар кешенді тестілеу тапсыруға және магистратураға түсуге тағы бір мүмкіндік алды. Тестті сәтті тапсырған үміткерлер жазғы қабылдау нәтижелері бойынша тағайындалмаған гранттарды жеңіп ала алады. Естеріңізге сала кетейін, магистратурада оқуға арналған білім беру гранттары кешенді тестілеу нәтижелеріне сәйкес конкурстық негізде беріледі", – деп атап өтті ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша және ақылы негізде ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін шекті балл – 75, бейінді магистратураға түсу үшін 50 балды құрайды.
Құжаттарды тапсыру кезінде оқуға түсушілер білім беру бағдарламаларының бір тобын және үш жоғары оқу орнын көрсетеді. Магистратураға білім беру грантын тағайындау конкурсы биыл 15-22 желтоқсан аралығында, оқуға қабылдау 2021 жылғы 26 желтоқсан мен 2022 жылғы 10 қаңтар аралығында өтеді.
Естеріңізге сала кетейік, магистратураға түсушілер үш мыңнан астам мемлекеттік білім грантына үміткер бола алады. Гранттардың басым бөлігі "Химия" (172 грант), "Ветеринария" (169), "Механика және металл өңдеу" (156), "Металлургиялық инженерия" (137), "Құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын өндіру" (132), "Материалтану және жаңа материалдар технологиясы" (130) және басқа мамандықтар бойынша бөлінді.
Білім беру бағдарламаларының топтары бөлінісінде білім беру гранттарының саны туралы толық ақпарат Ұлттық тестілеу орталығының сайтында орналастырылған.
Магистратураға грант иегерлерінің тізімі Ұлттық тестілеу орталығының сайтында, сондай-ақ ҚР Білім және ғылым министрлігінің әлеуметтік желілерде жарияланады.