Магнитогорскідегі апат кезінде қаза тапқандардың саны артып, 33-ке жетті. Олардың арасында 6 бала бар, деп хабарлайды 24.kz.
Қирандылар астынан табылған 21 марқұмның аты-жөні анықталды. 5 адам құтқарылды. Тағы 10 тұрғын іздестіріліп жатыр.
Бұған дейін құлағалы тұрған қабырғаға байланысты іздестіру-құтқару жұмыстары біраз саябырлаған еді. Ауыр техниканы қолдану қауіпті болғандықтан, құтқарушылар үйінділерді қолмен аршып, тазалауға көшкен. Бірақ ауа райының қолайсыздығынан құтқару жұмыстарын жүргізу қиынға соғып тұр. Себебі, түнде сынап бағанасы минус 24 градусқа дейін жетіп отыр.
Естеріңізге сала кетейік, желтоқсанның 31 күні тұрмыстық газ жарылып, салдарынан 9 қабатты үйдің тұтас бір кіреберісі опырылып түсті. 25 пәтер толығымен жойылды. Тағы 10 шақты пәтерге зақым келген. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.