Атырау облыстық жедел штабтың мәліметіне қарағанда, бірнеше күннен бері Жайық өзеніндегі су деңгейі Индер мен Махамбет ауданында төмендеу көрсеткіші тіркеліп отыр.
Мәселен, бүгін, 1 маусымда Индербор кентінде -7 сантиметрге азайған. Таңертеңгі сағат 08:00-де мұнда 941 см болған. Бірақ, әлі де қауіпті шектен 91 сантиметрге көп болып тұр.
Ал, Махамбет ауданында да Жайықтың суы төмендеп келеді. Бұл ауданда бүгін таңертең өзен арнасы көтерілмеді. Кеше кешкі сағат 20:00-дегі көрсеткіш өзгерген жоқ. Бұл – 10 метр 14 сантиметр. Дегенмен, қауіпті шектен 164 сантиметрге көп.
Жайық өзенінің суы Атырау қаласының тұсында тұрақтаған секілді. Мұнда 28 мамырдан бері көтерілген жоқ. Сол күні Жайықтың деңгейі мұнайлы шаһарда 6 метрге жеткен еді. Бүгін төртінші күн қатарынан осы деңгей сақталып тұр. Мұнда қауіпті шек 550 сантиметр деңгейінде белгіленген. Осы тұрғыдан айтсақ, шаһар тұсындағы су деңгейі жарты метрге ұлғайған.
Бүгін Жайық өзенінің суы Атырау қаласының маңындағы Жаңаталап ауылында 431, ал, Еркінқала елді мекенінде 388 см құрады. Екі ауылда да су арнасы көтерілмеген.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудың тұсында Жайық өзенінің суы екінші күн қатарынан көтерілмегенін жазған болатынбыз.