Май ауданының әкімі ордабасылықтарды солтүстікке қоныс аударуға шақырды

1007

Май ауданының әкімі ордабасылықтарды солтүстікке қоныс аударуға шақырды

Таяуда Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданында Павлодар облысы, Май ауданының әкімі Ардақ Қаңтарбаев бастаған жұмыс тобы іссапармен болды. Аудан басшысы мен Павлодар өңіріне танымал кәсіпкер Айтмұханбет Қожабеков Ордабасыдағы Бадам, Шұбарсу, Темірлан елді мекендеріндегі тұрғындармен кездесті, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Онда шалғайдан келген басшылар азаматтарды солтүстік өңірлеріне қоныстандыру жобасының мақсатына тоқталып, үкіметпен оңтүстік өңірлерден солтүстік облыстарға көшуге ниетті адамдарды ынталандырудың жаңа бағыттары енгізілгенін айтып өтті. Сонымен қатар, қоныс аударғандардың шығыны 35 АЕК көлемінде өтелетіні, яғни отбасының әрбір мүшесіне 79 мың теңге сомасында берілетіні сөз болып, бір жыл бойы көшіп барған отбасының баспананы жалдауға жұмсайтын шығындары субсидияланатыны жеткізілді.

Май ауданының басшысы Елбасының көрегендік саясатын нақты жүзеге асыру тұрғысында түрлі салаларда, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, және өндіріс саласында әлеуеті зор, дегенмен жұмыс күші тапшы теріскейде мүмкіндіктердің мол екенін әңгімеледі. Аудан әкімі солтүстік өлкені әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту үшін оңтүстік, соның ішінде Ордабасы ауданы жұртшылығының қол ұшын созатындығына үміттеніп келгенін жасырмады. 

Жүздесулер барысында мәселенің мән-жайына байланысты сұрақтар қойып, көп нәрсеге қаныққан бірқатар тұрғындардың қоныс аударуға деген ынта-ықыластары аңғарылды.

Бүгінге дейін Ордабасы ауданынан Солтүстік Қазақстан облысына 6 отбасы қоныс аударып, тағы 6 отбасыдан өтініш түсті. Ендігі кезекте, Май ауданына қоныс аударудың тиімділігі мен артықшылықтары тұрғындар арасында кеңінен насихатталмақ. Бұл жөнінде Ордабасы ауданының әкімі Алмасбек Мамытбеков кездесу барысында мәлімдеді. Сондай-ақ, аудан басшысы солтүстіктен жеткен әріптесі А.Қаңтарбаев пен кәсіпкер А.Қожабековке игілікті бастамаларына сәттілік тіледі.

Айта кету керек, оңтүстік халқын солтүстікке қоныстандыру бағдарламасына 2017 жылы 85 млрд теңге бөлінген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу