Майк Помпео Қытайды тағы да сынға алды

623

Айтуынша, Қытай пандемияны желеу етіп, көршілес елдерге қысым көрсетіп жатырған көрінеді.

Майк Помпео Қытайды тағы да сынға алды

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Бейжің індеттің таралуын уақытылы айтпай, қазіргі пандемияны желеу етіп қасындағы көршілеріне қысым жасауда деп мәлімдеді. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Майк Помпео бірақ нақты қандай қысым екенін ашып айта қоймады. Оның сөзінше, Қытай сондай-ақ вирустың адамнан адамға жұғатынын бір ай бойы мәлімдемей, осылайша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ережесін бұзған көрінеді.

Құрама Штаттар билігіндегі ықпалы бойынша үшінші орындағы Помпео ресми Бейжің коронавирустан пайда болған аурудың эволюциясын зерттеуге кедергі келтіріп отыр дегенді алға тартып, ҚХР мен басқа да елдерді түрлі дерттің ошағы болып есептелетін жабайы аңдар сатылатын нарықты жабуға шақырды. Ол Covid-19 вирусының дендеп кетуіне осындай нарықтар себепші болуы мүмкін дегенді айтып қалды.

Вашингтон бірнеше мәрте Бейжіңді індеттің таралуын дер кезінде хабарламады деп айыптады. Құрама Штаттардың сынына ДДҰ да ілікті. Америкалық президент Дональд Трамп ұйымға вирус туралы жалған ақпарат таратты, Қытайдың ықпалында қалды деп кінә артып, оны қаржыландыруды тоқтатып тастаған болатын.

Джонс Хопкинс Университетінің соңғы мәліметіне сүйенсек, әлемде вирус жұқтырғандардың саны 2,6 милионнан асып, оның 180 мыңы қайтыс болған. АҚШ вирус жұқтыру және аурудан қаза табу көрсеткіші көш бастап тұр. Ондағы науқастардың саны 830 мыңнан асып, елдің 46 мың азаматы дерттен көз жұмған.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу