Өткен жылдың қаңтар айында Павлодар облысы Майқайың кентіндегі алтын кеніші аумағында құтқарушылар отырған автобус терең шұңқырға опырылып түскен еді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Екі құтқарушының денесі бірден жер астынан шығарылса, тағы екі қызметкердің денесі араға жарты жылдан астам уақыт салып табылды. Бұл қайғылы жайтқа қатысты бірден қылмыстық іс қозғалып, тиісті тергеу жұмыстары атқарылды.
"Майқайың алтын" акционерлік қоғамындағы "былықтарға" көз жұма қараған бұрынғы мемлекеттік қызметшілер – өндірістік қауіпсіздік департаментіне қарасты бөлімнің бұрынғы басшысы мен сол бөлімнің бас маманы қызметіне салғырт қарағаны анықталды. Олар аталмыш мекемеде оқыс оқиғаға дейін жұмыс істегенімен сол қызметті атқарған тұста немқұрайлыққа жол берген.
Айталық, 2016 жылы олар кәсіпорынды жоспарлы түрде тексерген. Сол уақытта анықталған 70 кемшіліктің ішінде араға 8 жыл салып қайғылы жағдайға әкеп соққан олқылық бар. Яғни, жер астындағы кеніште бос кеңістіктер бары сол уақытта-ақ белгілі болған. Бірақ тиісті шаралар қолданылмаған. Сондықтан сот бөлімнің бұрынғы басшысы мен бұрынғы бас маман кінәлі деп танып, басшының бас бостандығы 3 жылға, бас маманның бас бостандығы 2 жылға шектелді. Біріне өмір бойы, екіншісіне 3 жылға өндіріс қауіпсіздік саласында қызмет етуге тыйым салынды.
Оған қоса, қайғылы жағдайдың орын алуына 100 пайыз жұмыс беруші кінәлі екені анықталды. "Майқайың алтын" АҚ бұрынғы басшылығына абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген тау немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтамағаны үшін айып тағылып отыр.
Күні кеше Екібастұз қалалық сотында мемлекеттік айыптаушының айтуынша, 2014-2017 жылдар аралығында кен орнындағы қорды өңдеу барысында технологиялар бұзылып, бос кеңістік қалып қойған. Бұл ретте кәсіпорынның 2011 жылы дайындалған жобасы болған. Соған сәйкес, өңделген кеңістік бетонмен толтырылуы тиіс еді. Бірақ кен орны бұл жобаға емес, аталмыш жобаға толықтыру ретінде әзірленген, алайда уәкілетті органның мақұлдауынан өтпеген 2013 жылғы жұмыс құжаттамасына сүйенген.
"Көпшілік тарапынан "2011, 2013 жылы бұл кісілер аталмыш қызметтерді атқармаса, олардың қандай кінәсі бар?" деген сауал туындайды. Бұл жоба 2017 жылы қабылданған жобаға дейін өз күшінде болды, бұл ретте айыпталушылар кәсіпорында қызмет етті. Дей тұрғанмен, өңделген аумақтардың жағдайын техникалық тексеру үшін ешқандай әрекет етпеген, тексерілмеген учаске аумағынан техниканың қозғалуына жол берді", – деді прокурор Дарина Зкриянова.
Мемлекеттік айыптаушы 6 адамның әрқайсысына 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал "Майқайыңалтын" АҚ бұрынғы бас директоры, оның бірінші орынбасары, Майқайың жерасты кен орнының директоры, оның орынбасары, бас инженер мен бас маркшейдердің міндетін атқарушы кінәларын мойындаған жоқ.
Тараптардың сөзінен соң оларға да кезек беріліп, кейін сот шешім шығаратын болады.