Жыл басында "Майқайың алтын" кен орны аумағында оқыс оқиға орын алып, опырылып түскен шұңқырға төрт адамы бар автобус құлағаны белгілі. Бұған дейін екі азаматтың дені шығарылса, екі құтқарушы мен автобус әлі табылған жоқ. Сол уақыттан бері кен орнының қорында болған шикізат таусылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Сол себепті кәсіпорын жұмысшыларының бір бөлігінің жұмысын уақытша тоқтатуға тура келеді. Қазіргі уақытта мұнда барлығы 933 адам еңбек етеді. Оның ішінде 143 қызметкер жыл сайынғы еңбек демалысында болса, 30 қызметкер бала күтіміне, 42 қызметкер уақытша еңбекке жарамсыздығына байланысты демалыс алған. Тағы 5 қызметкер ҚР Қарулы күштері қатарына шақырылды.
"Бүгінгі таңда 153 қызметкердің жұмысы тоқтап тұр. Олардың қатарында шахтаның 109 қызметкері мен тау-кен техникасы учаскесінде жұмыс істейтін 44 адам бар. Қызметкерлердің жалақысының 50% төленеді", - деп түсіндірді Павлодар облыстық еңбек басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абылай Сабыров.
Апта соңына қарай кәсіпорынның жұмысы толығымен тоқтайды. Қазіргі уақытта соған дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Ол кезде де қызметкерлерге жалақысының 50%-ы төленетін болады. Нақты қанша адам айлықтың тек жартысын алары апта соңында белгілі болады.
Абылай Сабыровтың айтуынша, мұндай тәжірибе бірінші рет тіркеліп отыр. Бұған дейін осы іспетті жағдай болған емес. Кен орындағы төтенше жағдайдың да әлемде алғаш рет тіркелгені бұған дейін хабарланған болатын. Сол оқиғаға байланысты шахтада жұмыс істеу мүмкін болмағандықтан, шикізаттың жаңа қорын жинау да мүмкін емес.
Дей тұрғанмен, жұмыс беруші қызметкерлерді толығымен қызметтен босату мәселесін қарастырып отырған жоқ. Компания басшылығының жоспарынша, 1 сәуірден бастап кәсіпорын жұмысын қайта басталады.