Павлодар облысы Майқайың алтын кеніші аумағындағы оқыс оқиғаның орын алғанына бір айдан асып кетті. Екі құтқарушы мен автобусты іздеу жұмыстары нәтиже берер емес. Қазіргі таңда мамандарға төнген қауіпті ескере отырып, апаттық-құтқару жұмыстары тоқтатылуы ықтимал, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Топырақ опырылып түскен аумақта іздеу жұмыстары үздіксіз жүргізілгеніне бір ай болды. Сенбі күні экскаватор жұмыс істеп жатқан аумақта терең шұңқыр пайда болып, экскаватор мен мамандар шұғыл түрде жоғарыға шығарылған болатын. Кейін мамандар аумақты зерделеп, кешкісін іздеу жұмыстары қайта жанданды. Ал кеше экскаватор мен мамандар бұрынғы режимде тоқтаусыз жұмыс істеді.
Алайда қауіптің беті әлі сейілмей тұр. Сондықтан опырылған жерді зерттеу үшін арнайы комиссия құрылды. Оның өкілдері пайда болған шұңқырдың периметрін, тау-кен массасын зерттейтін болады.
"Ойықтың түбіндегі георадар профильдерін сканерлеу қорытындылары бойынша топырақ құрылымының өзгергені және әлсірегені анықталды. Объектілердің жанында және астында бос шұңқырлар анықталуда. Құлау және опырылу қаупі өте жоғары", - деп хабарлайды Павлодар облыстық төтенше жағдай департаментінің өкілдері.
Енді тау-кен массасын зерделейтін комиссия жұмысты ары қарай жалғастыруға болар-болмасы туралы шешім қабылдайды. Бұған дейін опырылған жердің барлық периметрі бойымен жарықшалар пайда болған-ды. "GRP Ridder grupp" ЖШС мамандары магнитометрмен және геосканермен топырақты зерттеу кезінде іздеп жатқан объектінің орналасқан жерінде қазіп жоғары деген қорытынды жасады.
Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлағандай, авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу мүмкін болмаған кезде төтенше жағдайды жою басшысы бірінші кезекте төтенше жағдай аймағындағы адамдарды құтқару бойынша барлық мүмкін шараларды қабылдай отырып, аталған жұмыстарды толықтай немесе олардың бір бөлігін тоқтата тұру туралы шешім қабылдауға құқылы.