Майқайың кен орнында автобус құлап, адамдар қаза тапты

Әзірге екі құтқарушының денесі табылды.

Майқайың кен орнында автобус құлап, адамдар қаза тапты Фото: pavlodarnews.kz

Кеше түнде Павлодар облысындағы Майқайың кен орнының аумағында жолаушылары бар автобус тереңдікке құлап, адамдар мерт болды. Қазіргі уақытта апаттық-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 4 қаңтар күні сағат 01:25 шамасында Баянауыл ауданына қарасты "Майқайыңалтын" АҚ аумағында, Майқайың кен орнына қарасты шахта маңында автобус тазарту кеңістігіне құлап кеткен еді. Оқиға кезінде көлік ішінде төрт адам болған. Алдын ала  болжам бойынша, құлаған аумақтың ұзындығы – 150-200 метр, ені – 500 метр, тереңдігі –150 метр. Қазіргі уақытта апаттық-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Оқиға орнында жедел штаб ұйымдастырылып, облыс әкімі Асайын Байханов, төтенше жағдайлар департаменті мен аудан басшылығы жағдайды бақылауға алды.

"Апат кезінде автобуста төрт адам болды. Олар - республикалық орталық штаб кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері Павлодар филиалының үш құтқарушысы және бір жүргізуші. Шахтадан 33 жұмысшы эвакуацияланды, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жоқ", – деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі.

Авариялық-құтқару жұмыстарына кәсіпорынның кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері, Павлодар филиалының, жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ төтенше жағдай департаменті құтқарушыларының күштері мен құралдары жұмылдырылды. Барлығы 44 адам, 13 техника және бір дрон жұмыс істеуде.

Бұл уақытта республикалық орталық штаб кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері екі құтқарушының денесі табылғанын хабарлады. Ал 150 метр тереңдіктегі құмға құлаған автобус әлі табылған жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу