Майқайың кенішіндегі апатқа толығымен компания басшылығы кінәлі

Олар жұмысшылардың қауіпсіз жағдайда еңбек етуіне басымдық бермеген болып шықты.  

Майқайың кенішіндегі апатқа толығымен компания басшылығы кінәлі Фото: azh.kz

Жыл басында Павлодар облысына қарасты Майқайың кентіндегі алтын кенішінде қайғылы жағдай орын алған болатын. Құтқарушылар мінген автобус опырылып түскен шұңқырға құлап, екі адамның денесі шығарылды. Тағы екі құтқарушы мен автобустың өзі арада үш айдан астам уақыт өтсе де әлі табылған жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оқыс оқиға орын алған күні-ақ ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігің Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті төрағасының 2024 жылғы 4 қаңтардағы бұйрығымен Еңбек кодексінің 188-бабының 3-тармағына сәйкес, еңбек қызметіне байланысты өлімге әкеліп соққан жазатайым оқиғаның себептерін тергеу мақсатында комиссия құрылған болатын. Жағдайды жан-жақты зерделеген аталмыш комиссия тергеу нәтижесі бойынша жазатайым оқиғаның орын алуында жұмыс берушінің 100% кінәсі бар екенін анықтады.

Бірақ "Майқайың алтын" АҚ басшылығы мұндай қорытындымен мүлдем келіскен жоқ. Сондықтан комиссия тергеуінің нәтижесін сот арқылы жоққа шығаруға тырысты. Аталмыш іс Астана қаласындағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотта қаралды.

Өз кезегінде сот топтық жазатайым оқиғаның орын алуына "Майқайың алтын" АҚ жауапты тұлғалары тарапынан тау-кен жұмыстарының қауіпсіз жүргізілуіне өндірістік бақылауды тиісінше жүзеге асырмай, жұмыс өндірісін қанағаттанарлықсыз ұйымдастыруы, тау-кен және геологиялық барлау жұмыстарын жүргізетін қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларын бұза отырып, блоктарды пысықтау кезінде опырылу процесін тиісті деңгейде бақыламауы, талапкердің кен қазбаларын пысықтау кезінде қазба бірліктерін (блоктарын) жетілдіруге арналған жобалары болмауы, яғни әзірленбеуі себеп екенін анықтады.

Деректер мен басқа да мән-жайлар сотта зерттелген тергеу материалдарымен, оның ішінде сараптамалар мен кіші комиссиялардың қорытындыларымен расталды.

"Жазатайым оқиға жұмыс уақытында "КӘАҚҚ" ЖШС қызметкерлерінің еңбек міндеттерін орындау кезінде орын алған.  "Майқайыңалтын" АҚ жауапты тұлғаларының әрекеттерінен туындаған жазатайым оқиғаның себептерін негізге ала отырып, талапкердің 100% кінәсі бар деп танылды.  Осыған байланысты сот Еңбек комитеті мен ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетіне қатысты арызды қанағаттандырудан бас тартты", - деп хабарлады сот өкілдері.

Әзірше бұл шешім заңды күшіне енген жоқ. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу