Майқайың мен Баянауыл арасындағы жолды су шайды

2036

Күре жолдың опырылған жері 10 метрге жуықтайды.

Майқайың мен Баянауыл арасындағы жолды су шайды

Республикалық маңызы бар Қалқаман-Баянауыл-Үміткер-Ульяновск автомобиль жолының бір бөлігін еріген қар суы шайып кетті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Баянауыл ауданындағы суағар тюбингтерден өтетін еріген қар суының көлемі артты. Соның салдарынан жолдың бір бөлігі шайылып, республикалық маңызы бар жолдағы көлік қатынасы толығымен тоқтады. Баянауыл ауданының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов су т олық ағып өткен соң ғана жолды қалпына келтіру жұмыстары қолға алынатынын хабарлады. Тіпті, тиісті жұмыстарды бір күннің ішінде аяқтап, көлік қозғалысын жандандыруға уәде беріп отыр.

Павлодар облысының төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің хабарлауынша, су шайып кеткен аумақта 20 бірлік арнайы техника, оның ішінде 10 КамАЗ және 3 жүк тиегіш көлік жұмыс істеуде.

Айта кетелік, осыдан екі жыл бұрын осындай оқиға тіркеліп, Ульяновский-Керней-Қалкаман жолының 105-інші шақырымын су басқан болатын. Мұндай жайт қайталанбас үшін сол тұста арнайы көпір салынған еді. Ал биыл аталмыш бағыттағы жолдың 101-інші шақырымын су шайып кетті.

Бұған дейін облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент өкілдері су шайып кетуі мүмкін жалпы ұзындығы 4,951 шақырым болатын 42 автомобиль жолының учаскесі және 0,1 шақырым теміржол жолы қатаң қадағалауға алынғанын айтқан еді. Сонымен қатар, су басу қаупі бар 32 елді мекен ерекше бақылауға алынды. Қазіргі таңда 45,9 мың тонна құм салынған қап, 34,9 мың тонна инертті материал, 95,5 тонна жанар-жағармай да дайын. Облыстық азаматтық қорғаныс қызметіндегі 1,5 мың адам, 550 бірлік техника мен 50 жүзу құралы төтенше жағдай орын ала қалса, бар күшін жұмсауға әзір. Бұл ретте облыстың барлық деңгейіндегі бюджетінде төтенше жағдай үшін 1 млрд 206 мың теңге қарастырылғанын атап өткен жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу