Майқайыңда шахтаға автобус құлағалы 12 тәуліктен асты

386

Майқайыңда шахтаға құлаған автобусты жер бетіне шығару жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

Майқайыңда шахтаға автобус құлағалы 12 тәуліктен асты Фото: ТЖД

Апат болғалы 12 тәуліктен асса да, үйінді астындағы екі адамы бар автобусқа жету мүмкін болмай тұр. Құмға көмілген көлік ішіндегі құтқарушы мен жүргізушінің туыстары аршу жұмыстарының сылбыр жүріп жатқанына наразы, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Ал, қазушылар бүгін түнде межелі жерге жетеміз дейді. Шұңқыр түбіне жақындаған сайын арнайы техникаларға ауыр тиіп жатыр. Өйткені, Майқайың кенті орналасқан жер асты тау тасқа толы. Кесек тастар құласа ауыр техниканың өзін аударып жіберуі бек мүмкін.

Қазір міне арнайы жол салып ауыр техникалармен мына шыңыраудың түбіне жету жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әуел баста бұл 150 метр тереңдік деп айтылған. Бірақ шындығында құздың жер бетінен түбіне дейінгі тереңдігі 66 метр. Сол 66 метр тереңдіктен ары қарай жерастында шамамен бес метрде автобус жатыр деген болжам бар. Соған жету үшін ауыр техникамен жер қыртыстарын, тау жыныстарын аршып жол салып жатыр. 

Құм астындағы автобуста екі адам бар. Оның бірі құтқаршулар жасағы командирінің орынбасары, екіншісі жүргізуші. Жақындарының өлі тірісін білмей жанұшырған туыстары қазба жұмыстарының созылып кеткеніне наразы.

"Күлтөбенің басында күнде жиын дейді. Күніне штабта екі рет жиын өтеді. Облыс әкімі, аудан әкімі, атқарушы билік өкілдері бәрі осында. Енді ол кісілермен біздің айырмашылығымыз болмай тұр. Оларда көрермен, бізде көрермен. Мынау енді масқара ғой. 66 метр жерге жете алмау деген. Апталдай екі азамат жатыр. Бауырымыздың бес баласы бар кәмелет жасқа толмаған", - дейді жоғалған құтқарушының ағасы Нұрбақыт Сансызбай.  

Тау тасты қопарып жер қазушылар бүгін автобус жатқан жерге дейін жол салып бітірді және шұңқыр түбіне шағын эксковатор түсірілді. Ол енді автобустың үстіндегі құмды аршитын болады. 

"Жартастар өте нығыз болғандықтар оларды бөлшектеу қиынға соғып, жұмысты ауырлатты. Ешқандай тоқтаусыз күні-түні жұмыс істеп жатырмыз. Бүгін автобус жатқан жерге дейін жол салып бітіреміз. Одан кейінгісі құтқарушылардың жұмысы", - дейді тау-кен инженері Талғат Әбіков.

Апат болған аумақта 2013 жылдан бастап кен игеру жұмыстары жүргізіліп келген. Ортаға опырылып түскен жердің қауіпсіз екендігі сан мәрте тексеріліпті. Жобалаушы мекеме сараптама жүргізіп, өндіріске еш қаупі жоқ деген анықтама берген.

"Солтүстік шығыс флангісіндегі кен орындарында жұмыстар 2013 жылы басында басталған. Сол кезде жобалау жұмыстары жасалған. Жобалау жұмыстары ол жер құлайды немесе басқа нәрсе болады деген жоқ. Одан кейін сараптама жұмыстары да болған. Бірақ осындай оқиғаға тап болуымыз мүмкін емес еді", - дейді "Майқайыңалтын" АҚ Бас директоры Қуаныш Ботин.

Кен байыту фабрикасының қожайыны Сербия азаматы Милан Попович екен. Бұны кәсіпорын басшылығы растап отыр. Айта кетерлігі, 4-қаңтарға қараған түні шахта аумағында жол опырылып ортасына түсті. Оған келе жатқан автобус құлап кетті. Екі құтқарушының денесі ертеңінде табылған. Ал, автобус пен тағы екі адам құм астында қалды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу