Майқайыңдағы алтын кенішінде бір құтқарушының денесі табылды

2385

Ақпаратты Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев растады. 

Майқайыңдағы алтын кенішінде бір құтқарушының денесі табылды Фото: әлеуметтік желіден

Майқайыңдағы опырылып түскен кеніш түбінде алты жарым ай уақыт жатқан екі құтқарушының бірінің денесі табылды. Туыстары оның Айдос Шаймерденнің мүрдесі екенін нақтылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Майқайыңдағы ойықтан бір құтқарушының мәйіті табылғаны туралы ақпаратты Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев растады.

"Жаңа ғана Майқайың кентіндегі шахта басында болдық. Кеніштегі автобус опырылып түсіп кеткен жерді қазып жатқан "Майқайыңалтын" АҚ қызметкерлері екі құтқарушының бірінің мүрдесін топырақ арасынан алып шықты. Ол жерде аталған кәсіпорынның өкілдерінен бөлек, полицейлер, төтенше жағдайлар қызметкерлері де жүр. Алдын ала болжам бойынша, табылған мүрде Айдос Шаймардендікі. Нақтысы арнайы сараптамадан соң белгілі болады. Жағдайдың, қазу жұмыстарының әрі қарайғы реті қалай болатынын айта алмаймын. Оны алтын кенішінің басшылығы шешеді", - деді Ардақ Кісентаев.

Ал марқұм Айдос Шаймерденнің жары Нұрсұлу Шаймерден табылған мәйіттің өзінің жолдасының денесі екенін растайтынын жеткізді.

Айта кетейік, А.Шаймерден – ойық астында жатқан екі азаматтың бірі болған еді. Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Павлодар филиалында жедел алдын алу жұмыстары жөніндегі взвод командирінің орынбасары болып қызмет атқарған.

Еске сала кетейік, Павлодар облысындағы майқайың алтын кенішінде ішінде адамдар бар автобус биылғы 4 қаңтар күні жер астына түсіп кетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу