Майқайыңдағы апат әлі жойылған жоқ

Тұрғындар судан таршылық көріп отыр. 

Майқайыңдағы апат әлі жойылған жоқ Фото: Павлодар облысының әкімдігі

Павлодар облысына қарасты Екібастұз қаласы мен Майқайың кенті арасындағы су құбырының қатып қалғанына бірнеше күн болды. Бірақ әлі де мамандар ақауды толығымен жоя алмай отыр. Сондықтан жергілікті сипаттағы төтенше жағдай да жарияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жыл басынан бері Баянауыл ауданындағы Майқайың кентінің басынан қара бұл кетпеді. Жыл басында құтқарушылар отырған автобус шұңқырға құлап түсіп, екі адам мерт болған еді. Тағы екі құтқарушы мен автобус табылмай жатыр. Енді міне, кентте тағы да су апаты орын алды. Бұл жолы да Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен жедел штаб құрылды.

Диаметрі 1020 мм болатын құбырды қайта іске қосу үшін бүгінде 143 адам мен 60 техника жұмылдырылды. Осыдан-ақ ақаудың ауқымды екенін байқауға болады. Салдарынан Майқайың кентінің тұрғындарына су төмен қысыммен беріліп отыр. Ол үй-үйге жеткенше шүмектен ақпай да қалады. Резервуарда тұрақты түрде тәулікке жететін су қоры құйылып, қамтылады дегенмен, ауылдағы ағайынға су толық көлемде жетпей отыр. Ал ірі көмір кеніші – "Богатырь Көмір" мүлде судан ажыратылды. Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, бірақ бұл көмір өндірісіне кері әсерін тигізіп жатқан жоқ. Өндіріс бұрынғы штаттық режимде жүріп жатқан көрінеді.

"Су құбырының әрбір учаскесінде мамандар құбырдың қатып қалуы мен ауаның болуын тексеруде. Мұндай учаскелер анықталған кезде құбырды бу генераторларымен жылыту жүргізіледі. Жекелеген учаскелерде құбырдың айналасындағы топырақты көмір және ағаш шпалдарды жағу арқылы жылытуда. Қазіргі уақытта 5 учаскеде жерасты және жерүсті құбырды жылыту жұмыстары жүргізілуде", - деп хабарлады Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жалпы, екі аралықтағы су құбырының жалпы ұзындығы 60 шақырымды құрайды. Оның жекелеген аумақтары қатып, құбырдың ішін мұз басып кеткен. Сол себепті құбырдың диаметрі де жіңішкеріп, ол арқылы судың өтуі қиындап кетті. 21 ақпаннан бастап барлығы 4,1 шақырым желі жылытылды. Енді жұмыстар жалпы ұзындығы шамамен 2 шақырым болатын 5 учаскеде жалғасып жатыр. Оның нақты қашан аяқталып, Майқайың кенті мен көмір кенішіне қай уақытта судың қалыпты түрде берілетіні әзірге белгісіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу