Павлодар облысы Майқайың кеніші аумағында опырылған шұңқырға құлаған автобус пен екі құтқарушыны іздеу жұмыстары қиындай түсті. Бір ай уақыт өткен кезде іздеу жұмыстары қайта-қайта тұралап тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Оның себебі де салмақты. Төтенше жағдай өкілдерінің айтуынша, жердің бетінде жарықшалар пайда болған. Демек, топырақ бос кеңістікке тағы да опырылып түсуі мүмкін. Бұл аумақта бір айдан бері жұмыс істеп жатқан құтқарушылардың өміріне қауіпті. Алғаш рет 3 ақпан күні жұмыс уақытша тоқтатылып, кейін сол күні қайта жалғасқан. Алайда дүйсенбіден бастап іздеу шаралары тағы да тоқтап тұр. Оны қайта жалғастыру үшін алдымен аумақты қауіпсіз болатындай дайындап алу керек.
"Жұмыстар жанданды. Тау-кен жұмыстары тәулік бойы жүргізілетін болады. Шұңқырдың айналасын үйінділермен қоршау қолға алынады. Тау-кен инженерлік жұмыстарын жүргізу жобасына дайындық жасалады. Ауыр техникалардың көмегімен бүйірлік траншеялар кеңейтіліп, шұңқырдың түбіне дейін аппарель тереңдетіледі. Бұл жұмыстармен кәсіпорын айналысуда" - деп хабарлады өңірлік төтенше жағдайлар департаменті.
Яғни, "Майқайың-алтын" кәсіпорнына аумақты техникалардың мен мамандардың қауіпсіз жұмыс істеуі үшін әзірлеу жүктелді. Содан соң ғана іздеу жұмыстары жалғасады. Қазіргі уақытта бұған дейін жұмыс істеген қызметкерлер, құтқарушылар мен техникалардың барлығы да апат орнында.
Бұған дейін шыңыраудан табылмай жатқан құтқарушылардың туыстары, басқа да азаматтар шетелдік мамандарды тарту туралы бірнеше рет айтқан болатын. Бірақ Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мұның ешқандай қажеттілігі болмағанын алға тартты.
"Әлемде мұндай тәжірибе кездеспегендіктен, халықаралық құтқарушыларды жұмылдырудың да қажеттілігі болмады. Төтенше жағдайлар министрлігі өздерінің әріптестері – құтқарушыларды құтқарып қалу үшін барын салды. Қолдан келгеннің барлығын жасады. Құтқарушылардың жұмыс орны да аянып қалмады", - деді Роман Скляр.
Бірақ құтқарушылардың жақын-жұрағаты іздеу жұмыстарын әлі де үздіксіз жалғастырып, әлі де бар күшті жұмсау керек екенін айтуда. Ал оның қашан жандана түсетіні әзірге белгісіз.