Майқайыңдағы апат: тергеу комиссиясы жұмысының нәтижесі шықты

Жазатайым оқиғаға жауапты жеті адам анықталды. 

Майқайыңдағы апат: тергеу комиссиясы жұмысының нәтижесі шықты Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Павлодар облысындағы "Майқайыңалтын" кенішінде оқыс оқиғаның орын алғанына үш аптадан асты. Кенеттен опырылып түскен топырақтың салдарынан төрт құтқарушысы бар автобус шыңырауға құлап кеткен еді. Екеуінің денесі бірден табылса, автобус пен екі құтқарушы әлі табылған жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Аталған оқиғаға қатысты Төтенше жағдайлар министрлігі жанынан арнайы комиссия құрылып, 4-24 қаңтар аралығында тергеу жұмыстарын жүргізді. Министрліктің өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Мұса Танабаевтың төрағалығымен комиссия мүшелері жобалық құжаттаманы зерделеп, тергеуге 4 сараптамалық ұйымды, оның ішінде Ресей Федерациясының сарапшысын тартты. Сонымен қатар, алтын өндіретін кәсіпорынның қызметкерлері мен лауазымды тұлғаларынан сауалнамалар алынды. Комиссия өклідері шахтаға түсіп, оқиға орнын зерттеді.

Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Сөйтіп, қайғылы жағдайдың орын алуына не себеп болғанын белгіледі. Комиссияның тұжырымы бойынша, кеңістікке тау-кен массасының құлауы салдарынан орын алған топтық жазатайым оқиғаның себептері – жұмыс өндірісін қанағаттанарлықсыз ұйымдастыру, "Майқайыңалтын" АҚ жауапты тұлғалары тарапынан тау-кен жұмыстарының қауіпсіз жүргізілуіне өндірістік бақылаудың  тиісті түрде болмауы және блоктарды өңдеу кезінде қазбалардан құлау процесін бақылаудың тиісінше жүргізілмеуі.

 "Сонымен қатар, бұл бос орындарға тиісті бақылау жүргізілмегені, жобалық құжаттамаға сәйкес әзірленген тазарту кеңістігінің бос жерлері,  құлау ықтималдылығы бар екендігі жүргізілмегені анықталды. Нәтижесінде кенеттен құлаған тау массасының салдарынан жазатайым оқиға орын алды. Комиссия 7 жауапты адамды анықтады. Еңбек заңнамасына сәйкес, тергеу материалдары құқық қорғау органдарына жіберілді", – деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.

Тергеу нәтижелері бойынша, комиссия мүшелері жазатайым оқиғаның себептерін жою жөніндегі іс-шараларды және олардың орындалу мерзімдерін айқындады. Оның ішінде шахта директорының, бас инженердің, бас маркшейдердің, учаскелік маркшейдерлердің лауазымдық нұсқаулықтары өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнаманың талаптарын ескере отырып, қайта қаралатын болады. Одан бөлек, тау-кен қазбаларындағы өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сәйкестігіне егжей-тегжейлі тексеру жүргізіліп, құлауы мүмкін аймақтарды және қауіпсіздік нормаларын қамтамасыз етуді ескере отырып, автокөлік қозғалысының маршруттары әзірленетін болады.

Бұл ретте, ведомство өкілдері құтқарушылардың іздеу жұмыстарын қауіпті жағдайда жүргізіп жатқанын еске салды. Әлі де тау жыныстарының құлауы, топырақтың опырылуы байқалады. Пайда болған шұңқырдың астында бос орынның болуы жағдайды одан әрі қиындатып отыр. Соған қарамастан, авариялық-құтқару жұмыстары үздіксіз жүргізілуде.

Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу