Майқайыңдағы апат: Тірі дейін десем, үйде жоқ, өлі дейін десем, бейіт басы жоқ

1200

Құтқарушы Айдос Шәймерденнің әйелі Астанаға шиіттей бала-шағасын ертіп келген.  

Майқайыңдағы апат: Тірі дейін десем, үйде жоқ, өлі дейін десем, бейіт басы жоқ Фото: ашық дереккөз

Қаңтарда Майқайың кенішінде ойыққа құлаған автобуста қалған екі адамның туыстары көмек сұрап Астанаға келді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Апаттың болғанына үш айға жуықтаса да, құтқарушы мен автобус жүргізушісінің мәйіті әлі табылған жоқ. Ал іздеу жұмыстары тоқтап тұр. Марқұмның жақындары құтқару жұмыстарын жалғастыруды талап етіп отыр. Павлодар облысының әкімдігі мен жергілікті прокуратурадан күдер үзген олардың ендігі үміті Президентте. 

"Асыраушымнан айырылдым, бес баламды енді кім асырайды. Жұбайымның мәйітін тауып берсе, ғұрыпқа сай жерлесек", — деп көз жасына ерік берді. 

Павлодарда іздеу жұмыстарын жалғастыруды сұрап, әкімдік пен прокуратураның табалдырығын тоздырған Нұрсұлу еш шара қалмаған соң, Үкімет пен Бас прокуратурадан көмек сұрап отыр.

"Бізді еститін пенде жоқ. Кішкентай балаларымды алып Астананың төріне келіп отырмын, алып берсе екен, шығарып берсе екен деймін. Тірі емес екеніне көндік қой, тірі дейін десем, үйде жоқ, өлі дейін десем, бейіт басы жоқ", — дейді Нұрсұлу Шәймерден.

Топырақ астында қалған екі адам әлі күнге дейін апаттан құтқару қызметінің жұмысшылары ретінде есептеліп, оларға ай сайын жалақы төленіп отыр екен. Мәйіт табылмағандықтан, қайтыс болғаны туралы куәлік те жоқ. Сол себепті екі отбасыға өтемақы төленбеген, асыраушысынан айырылғанын отбасы ретінде жәрдемақы да ала алмайды.

Автобус жүргізушісі Айып Тілеубергеновтің жақындары істің созылып кеткеніне наразы.

"Төрт кісінің өліміне комбинат жауап бергісі келмей, ағамыздың жұмыс орны, құтқарушылармен соттасайын деп жатыр, соларды кінәлі қылғысы келіп жатыр. Жер солардікі, ойылып кеткен жер солардың қателіктерінен, салғырттығынан болды, оны мойындағысы келіп тұрған жоқ. "Біздің кінәміз жоқ" деп отыр", — дейді автобус жүргізушісінің туысы Амангелді Тілеубергенов.

Іздеу жұмыстары қашан жанданатынын төтенше жағдайлар министрлігі де айта алмады. Қазба жұмысының тоқтағанына бір ай өтсе де, сараптама жасалмаған.

"Екі жақ сараптама жүргізіп, құтқарушылар үшін қазба жұмыстары қаншалықты қауіпсіз екеніне шешім қабылдауы тиіс. Сарапшылар қауіп жоқ деп шешсе, әрине, іздеу жұмыстары қайта жанданады", — дейді ТЖМ вице-министрі Бауыржан Сыздықов.

Индустрия министрі кен орнында өндірістік қауіпсіздікке қаржы аз бөлінетінін мойындады.

"Бұл жағдайды Павлодар әкімімен талқыладық, инвесторға қатысты нақты шешімдер қабылдаймыз. Бұған дейін істегеніміздей, акционермен тікелей диалог құрмақпыз. Ол кеніштегі өндірістік қауіпсіздік пен кен орнын игеруді өз мойнына алады немесе нақты осы инвестордың жер қойнауын пайдалану құқығы мәселесін қайта қарайтын боламыз. Бір шешімге келеміз", — деді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қанат Шарлапаев.

Автобуспен бірге топырақ астында қалған екі адам әлі жоғалғандар санатында. Ал олардың отбасы зардап шегуші ретінде танылмаған. Павлодардан көмек сұрап келген қауымды үкіметтегілер Бас прокуратураға, ондағылар айналып келіп облыс прокурорына қайта бағыттапты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу