1997 жылы HIStory атты әлемдік турне аясында Ниццадағы концертте Майкл Джексон киген шұлық аукционда 6,2 мың еуроға өтті. Бұл туралы Le Figaro басылымы жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әйгілі әнші бұл аксессуарды 1997 жылдың 27 маусымында Ниццада өткен концертте киген. Сол кеште Майкл Джексон өзінің атақты Beat It және Billie Jean әндерін орындады. Дәл осы шұлықты киіп, өзінің әйгілі биін де билеген.
Бастапқыда бұл зат 4 мың еуро деп бағаланды. Кейін соңғы баға бұл көрсеткіштен 2,2 мың еуроға жоғары болды.
БАҚ жазуынша, техник маман бұл шұлықты сахнаны жинау кезінде грим жасайтын бөлме маңынан тауып алған. Шұлық төртбұрыш кристалл тастармен безендірілген. Екінші шұлықтың қайда екені белгісіз.
Жалпы бұл шұлық аукционға бірінші рет қойылып тұрған жоқ. 21 шілде күні сатып алушы табылмаған болатын.