АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео 1-2 ақпанға жоспарланған Қазақстанға сапары барысында ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ жаһандық күн тәртібін талқылайтын болады, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
"Сапар барысында М.Помпео ел басшылығымен және Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездеседі. Кездесулер барысында екіжақты және аймақтық ынтымақтастық мәселелері, сондай-ақ жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланады", - деп жазылған баспасөз хабарламасында.
Бұған дейін АҚШ Мемлекеттік департаменті Помпео ақпан айының басында Нұр-Сұлтанға Қазақстан басшылығымен - президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен, республиканың тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен және Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен келіссөздер жүргізу үшін келетінін айтқан болатын.