Майқұдықтағы жол жөндеу жұмыстары бітер емес

1136

Қарағанды қаласының Октябрь ауданындағы былтыр басталған жол жөндеу жұмыстары созылып кетті. 

Майқұдықтағы жол жөндеу жұмыстары бітер емес

Былтырдан бері Майқұдықтың  орталық жолын жөндеуге арналған жұмыстар тұрғындарды әбден ығыр қылды. Жөндеу жұмыстарының созылып кетуі, айналма жолдарда көлік кептелісінің ұзақ болуы, жол бөліктеріне жаяу жүргіншілер өту үшін арнайы белгілердің дер кезінде қойылмауы тұрғындардың  өміріне  қауіп төндіруде, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Билік бұған дейін Майқұдықтың орталық көшелеріндегі он бір шақырымға жуық жолдың жөндеу жұмыстары осы жылы аяқталады деп уәде берген болатын. Алайда Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі  жақында  ғана бұл жұмыстың толығымен 2022 жылы ғана аяқталатынын мәлімдеді. Сәуір айында Майқұдықтағы жолдың жөндеу барысын көрген облыс әкімі  Жеңіс Қасымбек мердігердің жұмысына көңілі толмай: "Біз сіздерге қаражатты уақытылы төлеп отырмыз, енді неге бәрі зардап шегу керек. Күні-түні жұмыс жасаңыздар" деп сын айтқан болатын. Бірақ та бұл мердігерге биліктің де сөзі өткен жоқ.

Майқұдықтың айналма жолында көліктер қозғалысы көбейген, бұл жерде де жол нашар. Айналма жолдың маңайында тұратын тұрғындар шаң-тозаңнан бұрын балаларының өмірі үшін алаңдап отыр. Тіпті көліктер айналма жолды қысқарту үшін тұрғын үйлердің арасымен өте береді екен.

Журналист Ботагөз Омарова әлеуметтік желіде: "Шамалап айтсақ , жөндеп жатқан 11 шақырымның әр шақырымына 600 млн теңге реубликалық бюджеттен бөлініп отыр. Жөндеу жұмыстарын Айдын Рахымбаевтың БиАйГрупп компаниясы жасап жатыр . Кейбір телеграмм - пабликтер оны үкімет басшысының досы деп айтады, дегенмен біз бұған сенбейміз ғой, десек те, бас мердігер біздің шенеуніктердің танысы тәрізді, өйткені Майқұдық жолдарындағы қолайсыздық үшін ешкім жауап беретін емес",– деп жазды.

Әлеуметтік желіде бұдан өзге Майқұдық жолына қатысты шағым арыздар жетерлік.  Билік "жолды қатырамыз,тек шыдам керек", деп жұртты сабырға шақыруда.
Майқұдықтағы орталық  жолдың күрделі жөндеу жұмыстары жобасының құны 7 млрд тенгені құрайды. Бас мердігер Bl - Group холдингінің құрамына кіретін "Казахдорстрой" компаниясы.

Арайлым Еркебаева
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу