Майоркада күннің тұтылуына байланысты төтенше жағдай жарияланды

255

Аралда қауіпсіздік шаралары күшейтіледі.  

Майоркада күннің тұтылуына байланысты төтенше жағдай жарияланды Фото: pln-pskov.ru

Майорка аралында 12 тамызда болатын толық күн тұтылуына байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді. Аралға осы ерекше астрономиялық құбылысты тамашалау үшін туристердің көптеп келуі күтілуде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты шетелдік басылымға сілтеме жасап. 

Испания үкіметі қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында Майоркаға әскери қызметшілерді жіберді. Олар 10-14 тамыз аралығында бірнеше муниципалитетте полицияға қолдау көрсетеді. Әскерилер жол қозғалысын бақылап, жедел жәрдем мен құтқару қызметтері үшін жолдардың ашық болуын қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар орман өрттерінің алдын алу шараларына қатысады. Жергілікті билік туристер санының күрт өсуі аралдағы жол қозғалысы мен қауіпсіздік мәселелерін күшейтуі мүмкін деп алаңдап отыр.

Күн тұтылуы кезінде Испанияның өзге өңірлерінде де қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Ел бойынша Азаматтық гвардияның шамамен 24 мың қызметкері жол қозғалысын реттеп, адамдар жиналатын орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Майоркада күн тұтылуы жергілікті уақыт бойынша шамамен 19:37-де басталады. Алдымен Күннің жартылай тұтылуы байқалады. Шамамен 20:30-да толық тұтылу басталып, 20:33-те аяқталады. Одан кейін жартылай тұтылу қайта жалғасып, шамамен 20:53-ке дейін созылады. Яғни астрономиялық құбылыстың жалпы ұзақтығы бір сағаттан сәл асады, ал толық қараңғылық шамамен үш минутқа ғана созылады.

Толық күн тұтылуын Испанияның Валенсия, Кастилия және Леон, Галисия және Баск елі аймақтарынан да көруге болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу