Ресми мәлімет бойынша, 400-ден астам полиция қызметкері зардап шекті, 500-ге жуық адам ұсталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Еuronews-ке сілтеме жасап.
Жаңа манифестация туралы хабарландыруға байланысты Ұлыбританияның жаңа королі III Карлдың алғашқы шетелдік сапары кейінге қалдырылды, ол жексенбіде Францияға келмек болған.
Брюссельдегі брифинг кезінде Макрон кәсіподақтармен еңбек заңнамасы туралы келіссөздер жүргізуге дайын екенін, бірақ зейнетақы реформасы талқыланбайтынын айтты.
"Мен сәрсенбіде еңбек қызметінің денсаулыққа әсері, мансапты аяқтау, кәсіпті өзгерту, мансаптық өсу, кейбір салалардағы жағдайлар мен жалақы сияқты тақырыптар бойынша алға жылжуға дайын екенімді өзім атап өттім. Сондықтан, олар осы мәселелердің төңірегінде менімен кездескісі келсе, мен кәсіподақтармен сөйлесуге дайынмын", - деді Франция президенті.
Бұған дейін Франция президенті зейнеткерлік жасты 64-ке дейін көтеруді көздейтін реформа – мәжбүрлі қадам екенін айтқан болатын. Демократиялық Еңбек конфедерациясы шиеленісті азайту үшін бұл мәселені алты айға кейінге қалдыруға шақырды, бірақ Макрон реформаны шұғыл түрде жүргізуді талап етті.