Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев Франция Президентінің Қазақстанға ресми сапарына қатысты пікір білдірді.
"Француз делегациясының сапарына келетін болсақ, Энергетика министрлігінің желісі бойынша сұрақтардың үлкен блогы бар. Бірінші мәселе – Total Energy компаниясымен электр энергиясын сақтау құрылғылары бар қуаты 1 ГВт болатын жел паркін салу туралы келісім. Осыған дейін әлемдік жылынуға қарсы іс-қимыл жөніндегі үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бұл жобаны іске асыру бойынша инвестициялар туралы келісім дайындалып жатыр. Жалпы алғанда біз бұл келісімдерді ратификациялау бойынша рәсімді Мәжілісте бастадық. Сондай-ақ сапар аясында EDF компаниясымен ынтымақтастығымыз талқыланады. Бүгінде олар атом электр станцияларына арналған турбиналар өндірісімен байланысты General Electric-тен активтерді сатып алу туралы келісімді аяқтауға жақын. Компанияның бірегей тәжірибесі бар, олар Францияда 50-ден астам реакторды пайдаланады, шетелде құрылыс тәжірибесі де бар. EDF компаниясы бұрын атом станцияларын салу үшін әлеуетті вендорлер ретінде қарастырылған компаниялардың қысқа тізіміне енген еді. Француз тарапы бастама білдірген жағдайда, біз бұл келіссөздерді жүргізуге дайынбыз", - деп жауап берді ол Ақорда кулуарында.
Ведомство басшысы АЭС мәселесі ҚР Конституциялық заңына сәйкес өткізілетін референдум арқылы шешілетінін баса айтты.
Қазіргі уақытта Энергетика министрлігі осы мәселеде халықпен тиісті кездесулер өткізіліп жатқанын, ақпараттық және сараптамалық сүйемелдеу қамтамасыз етіліп жатқанын айтты.
Тілшілер ведомство басшысынан “ресми сапардың күн тәртібіндегі негізгі мәселе Франция АЭС үшін қазақстандық уран жеткізу мәселесі бола ма”деп нақтылады.
“Қазақстанда Orano компаниясы ұзақ уақыт жұмыс істеп келеді және осы корпорациямен келісім бар. "Қазатомөнеркәсіп"-пен уран өндіру бойынша бірлескен кәсіпорын құрылды. Бүгінгі таңда шамамен 47 мың тонна өндірілді. Қалдық қорлар 60 мың тоннаны жуықтайды. Біз әлемдік көшбасшымен ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделіміз. Orano компаниясы уран өнімдерін өндірумен ғана айналыспайды, сондайақ конверсиялау, уранды байыту, атом реакторлары үшін жылу бөлетін алымдарды өндіру бойынша жеткілікті жобалары бар. Біз осы ынтымақтастықты жалғастыруды талқылайтын боламыз”, - деп түсіндірді Алмасадам Сатқалиев.