Париж соты Франция президентінің жұбайы Брижит Макронға қарсы киберқорлау жасаған 10 адамды кінәлі деп таныды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Олар президент Эммануэль Макронның жұбайы ер адам болып туған деген жалған пікірлерді интернетте таратқан. Сот бұл айыптарды "ерекше қорлайтын, тіл тигізетін және қасақана жасалған" деп бағалады.
41 мен 65 жас аралығындағы сегіз ер адам мен екі әйел президенттің жұбайы ер адам болып туған деген және күйеуімен арасындағы 24 жылдық жас айырмасын педофилиямен байланыстырған "көптеген зиянды пікірлер жариялады" деген айыппен жауапқа тартылды. Бұл хабарламалардың кейбірін ондаған мың адам көрген.
8 айыпталушы төрт айдан 8 айға дейін шартты жаза алды, ал тоғызыншы ер адам сот отырысына келмегені үшін 6 айға бас бостандығынан айырылды. Оларға және оныншы айыпталушыға интернеттегі өшпенділікті қоздыруға қарсы арнайы профилактикалық курс өту міндеттелді.
Интернеттегі негізгі арандатушылар деп танылған 3 адамның әлеуметтік желідегі аккаунттары 6 айға бұғатталды.
"Ең маңыздысы – алдын алу курстары мен кінәлілердің кейбір аккаунттарын бұғаттау", – деді үкім жарияланғаннан кейін Брижит Макронның адвокаты Жан Энноки.
Прокуратура ең қатаң жазаны әлеуметтік желілерде "Зои Саган" лақап атымен танымал, қастандық теорияларын қолдайтын орталармен жиі байланыстырылатын 41 жастағы Орельен Пуарсон-Атланға талап етті. Сот оған сегіз ай шартты жаза және алты айға аккаунттарын бұғаттау үкімін кесті. Ол қазан айында сотта өз жазбаларын "сатира" деп атап, соған құқығын қорғаған.
Сондай-ақ айыпталушылар қатарында 2022 жылы Брижит Макрон жала жабу бойынша талап-арыз түсірген әйел де болды. 51 жастағы Дельфин Ж., өзін медиум деп таныстыратын, Амандин Рой бүркеншік атын қолданған. Сот оны 6 ай шартты жазаға кесіп, онлайн-аккаунттарын жарты жылға бұғаттады.
48 жастағы Эммануэль Макрон мен 72 жастағы Брижит Макронның қарым-қатынасы үнемі елдің назарында. Олар мектепте театр өнерінен сабақ берген кезде танысқан.
Айта кетейік, бұл – Францияның бірінші ханымына қатысты интернеттегі қудалау бойынша алғашқы сот емес.