Ауылдағы жұрт осы азын-аулақ малының арқасында күн көріп, жан бағып жүр. Бірақ, елдегі бұқара баукеспе ұрылардан әбден зәре-зәп болған.
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Ақыры Президенттен көмек сұрауға мәжбүр болған Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы тұрғындарының әлеуметтік желіге шыққан видеоүндеулерін көрген шығарсыздар?! Маған да ондаған адам хабарласты. Ішкі істер министрлігі мәлімдеме жасар деп бес күн күттік. Алайда ешқандай реакция жоқ. Катонқарағайға қарасты Шыңғыстайдың шырқын осы ұрылар бұзып бітірді. Алақандай ауыл халқына ұры-қарының қорлығы әбден өткен. Төзімдері таусылып, сенімдері сетінеген ел енді бар үміттерін Ел басшылығына артып, яғни Президенттен көмек сұрап отыр. Өйткені қой қоралап, ірі-қара табындап, жылқысы үйір-үйірімен жоғалып жатқан соң қайтсін?! Полиция дегеннен әбден күдер үзген", – деп жазды ол.
Айтуынша, осы күнге дейін қаншама малы қолды болып, ұрланса да, полиция бірде-бір "тышқақ лақтың" сайдан санын, құмнан ізін таппаған.
"Бұл нені көрсетеді?! Не іздеуге құлықсыз немесе ұры мен полиция ауыз жаласып, ымыралысып, ынтымақта жұмыс істейді. Ақиқаты осы. Басқаша айту мүмкін емес!
Әуре сарсаңға түскен халық аудандық, облыстық ішкі істер органдарының табалдырығын тоздырып, бастарын тауға да, тасқа да соғып әбден қажыған. Сонда да полицияға бәрі-бір. Жаны ашымастың, басы ауырмас. Мал ұрлығынан шырқы бұзылып, шыдамдары таусылған жалғыз Шыңғыстай емес. Баукеспелер Шыңғыстайға іргелес жатқан Өрнек, Жаңа үлгі, Аққайнар, Жамбыл, Еңбек секілді елді мекендерде де емен-еркін шайқап, жұрттың дымын қалдырмай, ерік-жігерлерін әбден құм еткен.
Ауылдан ауданға арыз арқалап баратын ағайын "полициядан еш қайран жоқ, жоғалған малды ізін суытпай іздемейді", – деп налиды. Қайталап айтам. Ұры мен полиция бір, сыбайлас па? Әйтпесе, құдай-ау, жыл он екі айда бір ауылдың ғана емес, бүтін бір ауданнан бір жоқ табылар еді ғой... Жоқ, әбден дандайсыған ұрылыр тіпті, айылын жияр емес!", – деді Мақсат Толықбай.
Мәжілісмен мал ұрлығы Қылмыстық кодекс бойынша орташа ауыр қылмыс екенін еске салды.
"Аса iрi мөлшерде жасалған мал ұрлағандар 7 жылдан 12 жылға дейiнгi сотталады" деп халықты сендіргіміз келеді. Тіпті, мал ұрлығы азайып келеді деп бізді де ішкі істер органдары сендіргілері келеді. Ал іс жүзінде бәрі керісінше. Құрметті, Ішкі істер министрі және оның елдегі барлық жеке құрамы! Қазақ "Мал ашуы – жан ашуы" дейді. Жұрттың жан ашуын қоздырып, жарасына тұз себе бермеңіздер! Халықпен ойнамаңыздар! Ойланыңыздар!", – деді Мақсат Толықбай.