"Ақтөбе" футбол клубы бұдан былай өз футболшыларының жалақыларын жарияламайды. Бұл туралы клубтың бас директоры Мақсат Тумалиев мәлімдеді. Клубтың ресми сайтына сұхбат берген Мақсат Тумалиев футболшылардың айлықтарын көпшілікке жария ету арқылы команданың біртұтастығы мен ынтымағы жоғалатынын айтты, деп жазады 7kun.kz.
Өткен маусымның соңында "Ақтөбенің" экс-директоры Дмитрий Васильев командадағы бірқатар ойыншылардың жалақыларын жариялаған болатын. Соған сәйкес, ең көп айлық Алексей Щеткиннің еншісінде болыпты. Ол айына 9 млн теңге алып келген. Самат Смақовтың жалақысы — 6 млн теңге. Ал бас бапкер Юрий Уткульбаев 3,5 млн теңге жалақыны "қанағат" тұтқан. Бірақ Васильев өзінің жалақысын көрсетуді "ұмытып" кеткен. Алайда, кейін оның да айлығы белгілі болды. Әу баста көрсетілгендей 350 мың емес, айына 4 млн теңге жалақы алып жүрген ол ақыры абақтыға жабылып тынды.
"Өткен жылы футболшылардың жалақыларын жариялады. Ешкімнің қолы жоқ, ешқандай мөр қойылмаған жай ғана қағаз. Кестенің бір шетінде фамилиялары, екінші шетінде сандар. Онда да барлық футболшылардың айлықтары көрсетілмеген. Таңдап қана алған. Ешкім де мұндай құжатқа сүйеніп, "иә, осындай болған" деп айта алмайды", — деген Мақсат Тумалиев футболшылардың жалақыларын жариялауға неліктен қарсы екенін айтып берді. — Екіншіден, мен футболшылардың айлықтарын аз етіп көрсетіп, бірақ жасырын бонустарын айлығынан екі, тіпті үш есе көп қылып қоятындарды жақтайтындардың қатарынан емеспін.
"Ақтөбе" биыл бірінші ретте ойыншылары мен жанкүйерлерінің алдында адал болуды көздейді. Ал футболшылардың жалақыларын жариялауды дұрыс деп есептемеймін. Сондай-ақ Тумалиев әлем футболында да мұндай нәрсені ешкім қолдамайтынын атап өтті", — дейді ол.
"Менің түсінігімде бұл нәрсе әр футболшының жеке шаруасы. Командадағы ойыншылардың жалақыларын жариялаудың соңы ұжымдағы алауыздыққа, ренішке, қызғанышқа әкеліп соқтыруы мүмкін. Футболшылар толығымен футболға беріліп, басқа нәрселерді ойламайтындай болуы тиіс. Профессионал болып қалуы қажет. Былтыр футболшылардың жалақыларын жариялағаннан клуб әлі де зардап шегіп жатыр. Наразылықтары мен реніштерін білдіргендер көп. Бюджет бар, біз соған жауап береміз. Міне, клубтың ұстанымы осындай болуы тиіс", — деді Тумалиев.
Айта кетейік, бұл күндері "Ақтөбе" Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Клуб қақпашы Андрей Сидельников, Дамир Дәуітов, Берік Айтбаев, Рафкат Аслан, жартылай қорғаушылар Бауыржан Байтана, Рахымжан Розыбакиев және бразилиялық легионерлер Кассиано, Витор Жуниор, Жуниньомен келісімшартқа отырды.