Мойнында қарызы бар атышулы Мақсат Үсеновтың шетелге қалай шыққаны белгілі болды, деп хабарлайды sputniknews.kz.
Айта кетейік, жақында атышулы Мақсат Үсенов Таиландта ұшақ бортында ұсталған болатын. Ол ұшақ экипажына бағынудан бас тартып, бортта өзін ұстау әдебін өрескел бұзған. Кейін ҚР сыртқы істер министрлігі Бангкок арқылы Вьетнамға ұшқан Мақсат Үсеновті тайландтық құқық қорғау органдары жауапкершілікке тартпай, босатқанын хабарлады.
Осы оқиғадан кейін Үсеновтің 160 мың теңгеден астам салық борышы бар екені белгілі болды. Ал мұндай қарызы бар адамның шетелге шығуға құқығы жоқ. Әділет министрлігі баспасөз қызметінің атап өтуінше, борышкерді елден шыға алмайтын азаматтардың тізіміне енгізу үшін өндіріп алушылар оны сотқа беру керек. Ал Үсеновтің жағдайында сот шешімі болмаған.
"Сот шешімінің негізінде сот орындаушылар сот өндірісін бастайды. Сот орындаушылардың қолында тиісті сот шешімі болмағандықтан, Үсенов ел аумағынан кетуге уақытша шектеу қойылатын азаматтар тізіміне енгізілмеген", — деді баспасөз қызметіндегілер.
Еске сала кетейік, 2013 жылдың желтоқсанында "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы құрылыс департаментінің бұрынғы басшысы Қажымұрат Үсеновтің ұлы Мақсат Үсенов өзінің BMW X6 көлігімен жүйіткіп келіп, жол жиегінде тұрған алты адамды қағып кеткен болатын. Салдарынан жас жігіт қайтыс болып, бірнеше адам зардап шекті. Тәртіп сақшылары бұл жайтқа байланысты қылмыстық іс қозғағанымен, тараптардың бітімге келуіне байланысты іс тоқтатылды.