Мақтааралда 1 млрд теңгеге мақта майын өңдейтін зауыт салынып жатыр

338

Жаңа кәсіпорында 36 жұмыс орны ашу жоспарланған.  

Мақтааралда 1 млрд теңгеге мақта майын өңдейтін зауыт салынып жатыр Фото: gov.kz

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында мақта шикізатын терең өңдейтін жаңа өндіріс орны бой көтеріп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мақтаарал ауылдық округінің Игілік елді мекенінде орналасқан "Хамро ата" ЖШС-нің мақта майын өңдеу зауытындағы құрылыс-монтаж жұмыстарының 80%-ы аяқталған. Қажетті құрал-жабдықтар жеткізіліп, өндірістік желілерді монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорынды 2026 жылдың III тоқсанында іске қосу жоспарланған.

Жобаның жалпы құны – 1 млрд теңге. Зауыт толық қуатына шыққан кезде жылына 50 мың тоннаға дейін мақта майын өңдей алады. Осылайша жергілікті жерде өндірілетін мақта шикізатын қайта өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік туады.

Жоба аясында 36 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Нысанға газ және ауыз су желілері тартылған, ал электр қуатына қажеттілік 1500 кВт көлемінде қарастырылған.

"Мақтаарал – мақта шаруашылығы жақсы дамыған өңірлердің бірі. Сондықтан, мақта шикізатын терең өңдейтін кәсіпорындардың көбеюі аудан экономикасы үшін айрықша маңызды. Мұндай жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үлесін арттырып қана қоймай, жергілікті шаруалардың өнімін өткізу нарығын кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өндірістік тізбекті қалыптастыруға мүмкіндік береді" - деді, аудан әкімі Бақыт Асанов.

Кәсіпорын басшысы Боев Абдужалилдің мәліметінше, қазіргі негізгі міндет – қалған құрылыс жұмыстарын аяқтап, технологиялық жабдықтарды толық орнатып, өндірісті белгіленген мерзімде іске қосу.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу