Мемлекет басшысы халыққа арнаған жолдауында аймақтардағы жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартып, шағын шаруа қожалықтарын ірілендіру міндеттемесін қойған болатын.
Осы мақсатта Мақтаарал ауданында ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруды ұйымдастыру, кооперативтерді мемлекеттік қолдау құралдары мен оның тиімді жолдары туралы мамандандырылған кезекті көшпелі семинар өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен "Кооперация-агро-өнеркәсіп кешенін дамытудың негізі" атты семинарда мақта мен қарқынды бау шаруашылығын дамыту жайы айтылды.
Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданда 87 ауыл шаруашылығы өндірістік коопеартиві құрылды. Ашылған ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерге техника алуға, ағын сумен қамтамасыз етуге, минералды тыңайтқыш тасымалдауға, энтомофак өндіру үшін мемлекет түрлі қолдау көрсетіп отыр.
Семинарға жетекшілік еткен ОҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асқар Қаныбеков өңірдегі мақта егісінің 80%-ы Мақтарал ауданына тиесілі екенін айтып, өнімнің түсімін арттыруға күш салу керектігін жеткізді. Мақтаралдық шаруалар мақта шитінің тұқымын әлі де көршілес елдерден алып келетінін айтып, мемлекет тұқым шаруашылығын өзімізде дамытуға ерекше көңіл бөліп, арнайы осы бағытқа субсидия бөліп отырғанын айтты.
Семинарға жиналғандар мақта мен жеміс-жидек өсіру бойынша шеберлігін шыңдап, осы саладағы озық технологиялармен танысты. Жиында мақта шаруашылығын дамыту, оған мемлекеттен берілетін жеңілдікті алу бойынша "Нұр-Кетебай" өндірістік кооператив басшысы Сәду Бекенов өз тәжірибесімен бөлісті.
Кооператив 2016 жылы қайта жасақталып құрылса, бүгінде мұнда 242 шаруа мүшелікке енген. Бірлік пен еселі еңбектің арқасында 1125 га жерді игеріп отыр.
Айта кетейік, өткен жылы Мақтарал ауданында 83 мың гектардан астам жерге мақта егіліп, орташа 26,3 ц/га өнім жиналды. Яғни мақтаралдық диқандар 218,5 мың тонна "ақ алтын" жинап алған.
Ал аудандағы егістіктерді әртараптандыру жұмыстарының нәтижесінде биылғы жылы болжамдық мәліметтерге сәйкес аудан шаруалары 80 мың га алқапқа мақта дақылын егуді жоспарлап отыр.
Осы күні семинарға қатысушылар аудандағы қарқынды бау өсірумен айналысатын "Аботя" шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Қожалық төрағасы Ербол Ералиевтің айтуынша, бүгінде ондағы қарқынды баудың көлемі 20 гектарға жеткен. Шаруашылықта тамшылатып суару әдісі бойынша жоғары сұрыпты алма мен жүзім өсіріледі. Тынымсыз еңбектің арқасында шаруалар өткен жылы 180 тоннаға жуық өнім алған.
Сонымен қатар ауданда 425,6 га жерге жеміс-жидек дақылдары егілсе, оның ішінде 105, 46 гектары қарқынды бау. Биылғы жылы оған қосымша 70 га алқапқа қарқынды бау өсіру жоспарланып отыр.