Мақтаарал ауданы, Ералиев ауылды округіндегі "Хаят Р.У.Ж." ЖШС-ның аяқ-киім фабрикасы Түркиядан алып келген жаңа қондырғысын іске қосты. Нәтижесінде фабрика өнімін 2 есе арттырып, жылына 1 млн жұп жаздық және қыстық аяқ киім шығаратын болды. Келешекте кәсіпорын импорт орнын басып, Қазақстан нарығын сапалы аяқ киіммен қамтуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
"Индустриялық инновациялық даму" мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 кезеңде іске асырылған жобаға 675 млн теңге инвестиция тартылыпты. Бірінші кезеңінде 2014 жылдың соңында 36 адам жұмыспен қамтылып, Қытайдан әкелінген технологияда қысқы аяқ киім шығарыла бастаған.
"Бұл жоба "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы аясында инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. Бүгінге дейін кәсіпорынымыз жалпы құны 100 млн теңгеге 270 мың жұп аяқ киім өндірді. Біз негізінен ішкі нарықты қамтамасыз етіп, импорттың орнын басуға тырысып жатырмыз", – дейді "Хаят" ЖШС директоры Ұлықбек Ражапов.
Ал жобаның 2-желісін іске қосу үшін "Оңтүстік" АИО-дан 100 млн теңге бөлінген. Бұл қаржыға Түркиядан аяқ киім тігетін жаңа қондырғы сатып алыныпты. Нәтижесінде кәсіпорында 50 адам жұмыспен қамтылып, межеленген 1 млн жұп жазғы және қысқы аяқ киім өндіруге мүмкіндік туып отыр.
"Аяқ киім фабрикасының барлық инфрақұрылым жүйесі "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы аясында іске асырылды. Сондай-ақ құрылысқа қажетті қаражатты облысымыздағы инвестициялық құрылымдар беріп отыр. Ендігі мәселе – тыңғылықты жұмыс істеп, ауданның экономикасына үлес қосу. Кәсіпорын басшылары егер сұраныс артса, фабрикамызды ұлғайтамыз деп отыр", – дейді Мақтаарал ауданының әкімі Ғалым Исмаилов.
Мұнда қазір сұранысқа ие жазғы аяқ киімнің бағасы – 260-280 теңгеден басталады. Негізгі нарық – Оңтүстік Қазақстан облысы мен Алматы қаласы. Жазғы кебістердің сапасы да жаман емес. Сұраныс күн санап артып отыр.