Мақтааралдық қырыққабаттың алғашқы легі Ресейге жөнелтілді

713

Мақтааралдық қырыққабаттың алғашқы легі Ресейге жөнелтілді

Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданында қырыққабат өнімін жинау науқаны басталды. Қазірдің өзінде егістік алқаптарында 58 бригада құрылып, онда 900-ден астам жұмысшы қырыққабат жинауға кіріскен. Алғашқы өнімнің легі еліміздің түрлі аймағы мен Ресей және Беларусь еліне жөнелтіліп жатыр, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Ауданда биыл көкөніс дақылдары 996 гектарға егілді, оның 780 гектарында қырыққабат жайқалып тұр.

Негізінен диқандар салмағы 1-1,5 келіден аспайтын нидерландтық пандион сұрпын егіпті. Бұл өнімге Еуропа мен Ресейден сұраныс көп. Қырыққабаттың бір келісі алғашқыда 230 теңгеден жіберілсе, қазір 130 теңгеден сатылып жатыр.

"Биыл қырыққабатты 8 ақпаннан бастап еге бастадық. Екі қабатты кленкамен көмкеріп егілетін дақыл 2 айда пісіп, жетіледі. Ең бастысы, күтіп, қарауға мән берілуі керек. Жеріміз тың болғандықтан бүгіннің өзінде әр гектарынан 25-30 тоннаға дейін өнім алып отырмыз", – дейді "Серпін" шаруа қожалығының төрағасы Сырым Батманов.

Жалпы биыл ауданда 17 мың гектарға түрлі дақылдар егіліпті. Оның ішінде 136 га бидай, 2500 га мақта, 44 га күнбағыс, 29,5 га сүрлемдік жүгері, 553 га дәндік жүгері, 19 га картоп, 1025 га жоңышқа, 11714 га қауын-қарбыз, 62 га бау-бақ және жүзім.

Айта кетейік, мақтааралдық шаруалар егін егуді әлі де жалғастырып жатыр. Әлі алда 13884 гектарға бұршақты дақылдар, 80 мыңнан астам гектарға техникалық дақылдар, 34 мың гектарға көкөнiс пен бақша дақылдарын егудi жоспарлап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу