Мақтааралдық мақташылар шиттен тапшылық көрмейтін болады

1219

Мақтааралдық мақташылар шиттен тапшылық көрмейтін болады

Биыл Мақтааралдық мақташылар шиттен тапшылық көрмейтін болады. Өйткені бүгіннің өзінде ауданда 2502 тонна шит дайындалған. Оның 100 тоннадайы  Қытай мен Түркиядан тасымалданған. Шетелдік шиттің келісі 1350-1400 теңгеден ал отандық шиттің бір келі бағасы - 230 теңгеден сатылуда. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Отандық шит пен шетелдік шиттің айырмашылығы – сапасында. Былтыр мақта ұрығының түркиялық сұрпын еккен диқандар гектарына 30-35 центнерден өнім жинады. Бірақ ол шиттің бағасы қымбат. Сондықтан мырзашөлдік мақташылар отандық шитті пайдаланғанды дұрыс көреді.  Биылғы көктемде біздің мекемеміз 150 тоннадай шит әзірледі", -  дейді "Бақытжан" өндірістік кооепертивінің цех меңгерушісі Жандарбек Әбенов. 

Былтыр өңірде шиттің келісі 160 теңгеден босатылыпты. Бағаның бір жылда 100 теңгеге шарықтап кетуінің себебін "Бақытжан" ӨК-дегілер ұрықтық шит дайындауға кететін жарық, су және  минералды қоспалардың едәуір қымбаттап кеткенімен байланыстырып отыр. 

"Бағаның 100 теңгеге өсуі  шығындардың көбеюіне байланысты болып отыр. Қазіргі таңда сапалы шит дайындау ісі де оңай емес. Десек те бағаның 100 теңгеге қымбаттағанына диқандар түсіністікпен қарауда. Көктемгі егістік жұмыстары қызған шақта бағаның тұрақты болуына ықпал етеміз деп отырмыз. Ең бастысы – Мақтааралда биыл шит тапшылығы орын алмайды",-  дейді Жандарбек Әбенов. 

Естеріңізде болса, былтырғы көктемде мақтааралдық мақташылар шит тапшылығын қатты сезінген болатын. Соның салдарынан көктемгі  мақта егу ісі кешеуілдеген. Былтырғы жылғы тапшылықты басынан кешкен Миралы Қолдабаев 4 гектар мақта алқабына қажетті 100 келі шитті нақты ақшасына сатып алды. 

"Өзімізге шиттің "Мақтарал" сұрпы өте қолайлы. Күннің ыстығы мен ағын судың тапшылығына төзіп бере алады. Сондықтан "Бақытжан" өндірістік кооперативінен шит сатып алдым. Биыл шаруа қожалығыма қарасты 8 гектар егістікке мақта егуді ойластырып отырмын",- дейді "Көпжасарата" шаруа қожалығының басшысы Миралы Қолдабаев. 

Биыл мырзашөлдік мақташылар 80 мың гектар жерге шитті мақта егуді жолпарлап отыр. Қазір соның 2500 гектарына шит себіліпті. Шаруалар шит себетін техникалар сақадай-сай тұрса алдағы 10 күнде мақта егу ісін тегіс бітірмек. Өткен жылы ауданда егілетін мақта дақылының көлемі 83 мың гектарды құрапты. Оның ішінде, 20 мың гектар жерге инновациялық технологияларды кеңінен қолдана отырып, мақта шикізатын өндіруге кететін шығындарды барынша азайтып, егіліпті. Бұл үрдіс биыл да жалғасын таппақшы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу