Қостанай облысына қарасты Амангелді ауданында полиция қызметкерлері мал іздеуге шығып, аттан құлап, ашық далада екі тәулікке жуық жатқан 49 жастағы ер адамның өмірін аман алып қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 26 шілдеге қараған түні "102" арнасына оның жоғалып кеткені туралы хабарлама түсті. Туыстарының айтуынша, ер адам мал іздеуге шығып, үйіне оралмаған.
Хабарлама түскен бойда Амангелді аудандық полиция бөлімінің бес қызметкерінен құралған іздестіру тобы құрылды. Түнгі уақытқа қарамастан, полицейлер жоғалған азамат болуы мүмкін барлық бағыттарды тексеруге кірісті.
"Таңғы сағат шамамен 05:00-де ер адам Үштоғай ауылынан 60 шақырымдай жердегі ашық дала аумағынан тірі табылды. Белгілі болғандай, ол аттан құлап, қабырғаларын сындырып, басқа да дене жарақаттарын алғандықтан өздігінен қозғала алмаған. Қасында ұялы телефоны болмағандықтан, көмек шақыра алмай, екі тәулікке жуық далада жатқан. Полиция қызметкерлері оған дереу алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел медициналық жәрдем шақырды. Кейін ер адам дәрігерлердің қарауына тапсырылды. Полиция қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында азаматтың өмірі аман сақталды", – делінген ресми ақпаратта.
Полиция алыс жолға немесе мал іздеуге шығар кезде міндетті түрде байланыс құралын өзіңізбен бірге алып жүруге және баратын бағытыңыз туралы жақындарыңызға алдын ала хабарлауға кеңес береді.