Мал қыстайтын орындар мен ауыл тұрғындарына жем-шөп уақытылы жету керек

492

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин төрағалық еткен жедел штаб отырысында малдың қыстық азығын дайындау мәселесі талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мал қыстайтын орындар мен ауыл тұрғындарына жем-шөп уақытылы жету керек Фото: canva.com

Мал шаруашылығы департаменті директорының міндетін атқарушы Бағлан Аймұрзаевтың айтуынша, алдағы қысқа 24,6 млн тонна пішен, 1,4 млн тонна пішендеме, 1,8 млн тонна сүрлем, 4,2 млн тонна сабан және 4,5 млн тонна құрамажем дайындалды. Өткен жылы жиналған қорды қоса есептегенде жем-шөптің барлық түрі бойынша дайындалған мал азығының жалпы көлемі 39,9 млн тонна.

Павлодар облысындағы климаттық жағдайға байланысты қуаңшылықтың салдарынан шаруалар шабындыққа дер кезінде шыға алмады. Сондықтан фермерлерге орманды алқаптағы және басқа да қорлардан шабындық жер беріп, қосымша дизель отынын бөлу арқылы қолдау көрсетілді. Осының нәтижесінде облыста 1,5 млн тонна шөп дайындалды.

Ал Батыс Қазақстан облысында шөп дайындау қарқыны республикалық деңгейден төмен. Сондай-ақ Батыс Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында құнарланған азық дайындаудың қарқыны төмен екені байқалады.

Аманғали Бердалин 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін "Қазақстан Темір Жолы" ұлттық компаниясы Маңғыстау облысының фермерлеріне жем-шөп тасымалдау тарифтерінің деңгейін 80%-ға төмендеткенін атап өтті. Бірақ мал азығын дайындау қарқыны әзірге қажетті деңгейге жеткен жоқ.

Отырыста айтылған мәселелерді ескере отырып, вице-министр Маңғыстау облысының әкімдігіне "Қазақстан Темір Жолы" ұлттық компаниясы ұсынып отырған жеңілдетілген тарифтерді барынша қолдануды, жоспарланған мал азығын жеткізуді тапсырды. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Түркістан облыстарының әкімдіктеріне жем-шөп дайындау барысын қатаң бақылауға алуды міндеттеді.

Бұдан бөлек вице-министр барлық облыс әкімдіктеріне дайындалған жем-шөпті мал қыстайтын орындарға және мал ұстап отырған ауыл тұрғындарына уақытылы жеткізу үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу