Министрдің айтуынша, бүгінде мемлекет тарапынан мал шаруашылығын дамытуға қажетті қаржылық қолдау толық қамтамасыз етілген. Осы мақсатта "Игілік", "Береке" және "Жайлау" жеңілдетілген несие бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар, мал шаруашылығының барлық бағыты бойынша айналым қаражатын толықтыруға арналған жеңілдетілген несиелеу көлемі де ұлғайтылған.
Айдарбек Сапаров фермерлердің ұсыныстары ескеріліп, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы берілетін қаржыландыру бағдарламаларына қатысу талаптары жеңілдетілгенін айтты. Оның сөзінше, ендігі негізгі міндет – өңірлерде жобаларды сапалы іріктеп, мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету. Осыған байланысты облыс әкімдіктері жанындағы комиссиялар мен қаржы ұйымдары әрбір жобаны жан-жақты саралап, тәуекелдерді алдын ала бағалауы қажет.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің мәліметінше, өңірлерге 34,5 мың бас ауыл шаруашылығы малын сатып алуға 43 млрд теңге бөлінген. Дегенмен кейбір облыстарда жобаларды қарау және іске асыру қарқыны баяу жүріп жатыр. Осыған байланысты министр әр жобаны жеке бақылауға алып, толық дайын емес бастамаларды қаржыландырмауды тапсырды.
Кеңесте ірі егін шаруашылықтарының мал шаруашылығын дамытуға қатысу мәселесі де көтерілді. Қазіргі таңда елімізде жер көлемі 10 мың гектардан асатын, бірақ мал өсірумен айналыспайтын 329 жер пайдаланушы бар. Министр олардың қолында қажетті жер мен өндірістік мүмкіндік жеткілікті екенін айтып, мұндай кәсіпорындарды мал шаруашылығына белсенді тарту Мемлекет басшысы мен Премьер-министрдің нақты тапсырмасы екенін еске салды.
Жиында алдағы қысқы маусымға дайындық мәселесі де қаралды. Өңірлердің ақпаратына сәйкес, бүгінде 16 млн тонна мал азығы дайындалған. Алайда кейбір облыстарда жемшөп дайындау қарқыны жоспардан төмен деңгейде қалып отыр.
Кеңес қорытындысында Айдарбек Сапаров өңір әкімдіктеріне 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарды сапалы орындауды, инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді күшейтуді, ірі жер пайдаланушыларды мал шаруашылығына тартуды, сондай-ақ жемшөп дайындау жұмыстарын жеделдетіп, қысқы кезеңге қажетті қорды уақытылы қалыптастыруды тапсырды.
Кеңеске қаржы институттарының өкілдері, Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрылымдық бөлімшелері басшылары және облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.