Елімізде мал ұрлап, оңай олжаға бататындарға жаза қатаңдатылды. Енді мал ұрлығы ауыр қылмысқа жатады. Бұдан былай барымташылардың жәбірленушілермен татуласып, жазадан құтылып кетуіне жол берілмейді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, былтыр Қазақстанда 15,5 мың бас мал ұрланған екен. Соның тек 7 мыңнан астамы ғана иесіне қайтарылыпты. Ірі қараны қолды қылғандардың 2 мыңнан астамы ұсталып, 340 қылмыстық топтың әрекеті әшкереленген.
"Биылғы жылдың қаңтарында Алматы облысының полиция департаментінің қызметкерлері 5 адамнан құралған қылмыстық топты әшкереледі. Бұл топтың Кеген ауданы аумағында үш ауыр қылмыс жасағаны анықталды. Олар жалпы саны 88 бас жылқы малын ұрлаған. Іле ауданында осындай тағы бір топ ұсталды. Бұл қылмыстық топ ірілі-ұсақты малды ұрлаумен айналысқан. Жалпы, 240 қой ұрлаған, оның 210-ы иесіне қайтарылды. Бұл топтағы бес адамның басқа да осындай қылмысқа қатысы бар-жоғы тексерілуде", – деді ҚР ІІМ кеңесшісі Нұрділдә Ораз.